Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтау – басты міндет

Мемлекеттік қызмет – халықтың ерекше сеніміне негізделген, үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет саласы. Сондықтан мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген міндеттерді сапалы орындаумен қатар, қызметтік әдеп нормаларын сақтап, қоғам алдында жоғары мәдениет пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетуі тиіс.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқына қойылатын негізгі талаптарды айқындайды. Оның басты қағидаттары – адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және жауапкершілік.

Мемлекеттік қызметші азаматтармен қарым-қатынас барысында олардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеп, өтініштері мен мәселелеріне түсіністікпен қарауы қажет. Сонымен қатар әріптестерімен қызметтік қарым-қатынаста өзара сыйластықты сақтап, дөрекілікке, әдепсіздікке, кемсітуге және қызметтік жағдайды жеке мақсатта пайдалануға жол бермеуі маңызды.

Әдеп нормаларын сақтау тек жұмыс орнындағы тәртіппен шектелмейді. Мемлекеттік қызметші қоғамдық ортада және әлеуметтік желілерде де өзінің мәртебесіне сай жауапкершілік танытып, мемлекеттік қызметтің беделіне кері әсер ететін әрекеттерден аулақ болуы тиіс.

Мемлекеттік қызметтегі әдеп мәдениеті – ұжымдағы жағымды ахуалдың ғана емес, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімінің де маңызды негізі. Әрбір қызметшінің күнделікті ісі мен қарым-қатынасы мемлекеттік қызметтің жалпы беделіне әсер етеді.

Сондықтан Әдеп кодексінің талаптарын сақтау – мемлекеттік қызметшінің міндеті ғана емес, халыққа адал әрі сапалы қызмет етудің маңызды көрсеткіші.

Мәртөк ауданы әкімі аппараты персоналды

басқарудың бірыңғай қызметінің (кадр қызметі)

басшысы Д.Иманиязова