Аймақ экономикасына инвестиция: жаңа жобалар мен жұмыс орындары

2024 жылы аймақ экономикасына 901 млрд теңге инвестиция тартылды, оның ішінде 400 млрд теңге жеке инвестициялық жобаларға тиесілі. Жыл қорытындысы бойынша облыста шамамен 800 жаңа жұмыс орны ашылды. Ең ірі жобалардың қатарында «Ақтөбе мыс компаниясы» іске қосқан «Авангард» кен орны мен «АКМЭЗ» компаниясының майлы дақылдарды өңдеу қоймасының құрылысы бар.
2025 жылдың қаңтар-шілде айларында тартылған инвестиция көлемі 590 млрд теңгені құрады. Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру және инвесторларды тарту мақсатында өңірде арнайы алаңдар құрылуда. Мәселен, Үкімет қаулысымен Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай базасында 858 гектар аумақта «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы ашылды. Мұнда жалпы құны 1,2 трлн теңгеден асатын 40-тан астам жобаны іске асыру жоспарланған. Ал Хромтауда республикалық маңызы бар 150 гектарлық индустриялық парк жұмыс істеп тұр. Бұл жерде 20 жоба жүзеге асып, шамамен 1 000 жұмыс орны ашылады.
Халықаралық ынтымақтастыққа да ерекше мән берілуде. Биыл мамыр айында облыс делегациясы Қытайға сапар жасап, құны 1 миллиард АҚШ долларынан асатын бес ірі жобаны іске асыру жөнінде келісімдерге қол жеткізді.
Жалпы, 2025 жылы аймақта 440 млрд теңгенің 10 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланған. Бұл шамамен 1 800 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні үш нысан пайдалануға берілді: «MKR Plus» ЖШС агрохимикаттар өндіру зауыты, «Строй-max» ЖШС бизнес орталығы және «Хромтау» жел электр станциясы. Жыл соңына дейін тағы жеті ірі жобаны аяқтау көзделуде. Олардың қатарында жылына 1,2 млн тонна кен өндіретін «Лиманное» кен орнын игеру, «Болашақ» шахтасының екінші кезегі, сондай-ақ жылына 825 км өнім өндіретін рельс дәнекерлеу кәсіпорны бар.
Жаңа бағыттардың ішінде қайта өңдеу және өндіріс саласындағы жобалар бар. Атап айтқанда: жүнді терең өңдеу цехы, гофроқаптама мен стретч-пленка шығаратын кәсіпорын, ұсақ бұйымдар өндірісі және жөндеу мен металл өңдеу орталығы. Бұл бастамалар жүздеген жаңа жұмыс орнын ашып, облыстың өнеркәсіптік секторын дамытуға қосымша серпін береді.