Ақтөбеде «Мемлекеттік жастар саясаты мектебі» семинар-тренингі ұйымдастырылды

Ақтөбеде жастар саясаты саласында жұмыс істейтін мамандарға арналған «Мемлекеттік жастар саясаты мектебі» семинар-тренингінің алғашқы күні өтті.
Іс-шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткізілуде. Үш күнге жоспарланған семинар жастармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған.
Семинардың ашылуында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаева мен Ақтөбе облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев сөз сөйлеп, жастар саясатын жетілдіру және сала мамандарының кәсіби құзыреттерін дамыту мәселелеріне тоқталды.
Бағдарламаның алғашқы күні журналист, медиа-менеджер, халықаралық коуч-тренер, Orkenlink.kz бас редакторы Махаббат Есен қатысушыларға «Жастарды сүйемелдеу және деректер негізінде шешім қабылдау», сондай-ақ «Өзін-өзі сенімді таныстыру және жас аудиториямен тиімді жұмыс жүргізу» тақырыптарында тренинг өткізді.
Оқу барысында қатысушылар жастармен тиімді коммуникация орнату, деректерге сүйене отырып шешім қабылдау және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған тәжірибелік тапсырмалар орындады.




