«AMANAT» партиясы Мәртөк аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында Қаратоғай ауылдық округінде мобильді қоғамдық қабылдау өтті.

 

Шараның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарына құқықтық көмек көрсету, өзекті мәселелерін тыңдап, заң аясында кеңес беру.

Қабылдауға «AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Майра Балқыбаева, облыстық филиалдың заңгер-кеңесшісі Гүлсім Құлжабаева, Ақтөбе облысы Заң консультанттары палатасының мүшесі, адвокат Әміржан Кушаев, Ақтөбе облысы Әділет департаментінің Құқықтық түсіндіру жұмысы және заңгерлік көмек көрсету бөлімінің бас маманы Жанаман Маралов, «AMANAT» партиясы Мәртөк аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ануар Искарин, Мәртөк аудандық мәслихатының төрағасы Талғат Көлкебаев, сондай-ақ жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты.

Қабылдау барысында тұрғындар жеке мәселелері бойынша өтініш білдіріп, сала мамандарынан нақты заңдық кеңес алды. Әрбір көтерілген мәселе мұқият тыңдалып, тиісті бағыттар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Ауыл тұрғыны Амангелді Есмағамбетов мұндай қабылдаудың маңыздылығына тоқталып өтті:
— Бұл ауыл тұрғындары үшін өте қолайлы. Көп жағдайда өз мәселесін жеткізу үшін аудан орталығына, тіпті облысқа баруға тура келеді. Осындай көшпелі қабылдаулардың ауылда өтуі – халыққа үлкен қолдау. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ауылға кіреберіс жол мен теміржол арқылы жаяу жүргіншілерге арналған өткел мәселесін көтердім. Қазіргі таңда бұл бағытта аудан әкімдігі тарапынан жұмыстар жүргізілуде. Ал облыстық деңгейде де қолдау көрсетіліп, мәселе оң шешімін табады деген үміт бар, – деді ол.

Жалпы қабылдау барысында тұрғындар тұрғын үй алу, жер учаскесін рәсімдеу, ауызсу мәселесі, сондай-ақ ауылішілік жолдардың жай-күйі сынды бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Барлық өтініштер назарға алынып, көтерілген мәселелердің орындалуы алдағы уақытта партияның тұрақты бақылауында болады.