«AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ БАҚЫЛАУЫНДА
«AMANAT» партиясы Мәртөк аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Аудандық мәслихат депутаттығындағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Артем Райзихтің төрағалығымен өткен отырыстың күн тәртінде «AMANAT» партиясының Жол картасы аясында атқарылып жатқан жұмыстары, Мәртөк ауылындағы екі пәтерлі 39 үйдің құрылысы туралы тыңдалды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық ауылшаруашылық, жерқатынастар, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімдерінің басшылары баяндама жасады.
Бөлім басшыларының айтуынша, партияның Жол картасы бойынша тиісті бөлімдерге қатысты орындалмай қалу қаупі бар міндеттер жоқ. Десе де, комиссия мүшелері Мәртөк ауылында салынып жатқан 39 үйдің құрылысына қатысты бірнеше сұрақтар көтерді. Мәселен, аталған үйлерде мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап орналастырылған пандустар талапқа сәйкес келмейді. Тиісті жауапты бөлім бұл мәселені назарға алды. Жалпы аталған тұрғын үйдің құрылысы 2024 жылдың мамыр айында аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.