«Әнші балапан — 2024» ән байқауы өтті

25 сәуір күні аудандық дәстүрлі «Әнші балапан» байқауы өтті. Байқау ауданда өнерлі өрендердің талантын шыңдау, өнерге талпынып қанат қаққан жас жеткіншектердің өнерін ұштау мақсатында ұйымдастырылды.

Айта кету керек, аудандық «Әнші балапан» байқауының алдындағы алғашқы кезеңі ауылдарда өтіп, аудандық жарысқа қатысушы өнерпаздар іріктелді. Ондағы байқау жеңімпаздары мен қатысушылары естелік сыйлықтар мен мақтау қағаздарымен марапатталған болатын.
Аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен байқауда 28 үміткер-бүлдіршін бақ сынады. Олар 3-6, 7-9, 10-13 жас ерекшелігімен топтарға бөлініп, өзара мықтыны анықтады.
Жас өнерпаздар балалық шақты әнге арқау етіп, би билеп, өнерлерін ортаға салды. Шарада ата-ана, Отан, достық туралы әндер шырқалды. Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Жас дарындар бақ сынаған байқау нәтижесінде бас жүлдені аудан орталығындағы 3-ші мектеп оқушысы Мария Гришко жеңіп алып, басты сыйлық «велосипедтің» иесі атанды.