Еске алу, тағзым ету шарасы өтті
26 сәуір Қ.Медетов атындағы өнер мектебінің кезекті есеп беру концерті болып өтті. Іс-шара қарсаңында күйші стеласы алдында дәстүрге айналған еске алу, тағзым ету шарасы өткізілді. 2001 жылы Қамбар Ерқожаұлының 100 жылдығында ашылған стелаға 23 жыл болса, күйшінің туғанына 123 жыл.
Мәртөк аудандық білім бөлімінің басшысы Есалин Әсет Сағымбайұлы ауданның өнер саласындағы оқушыларын әлемдік, республикалық, облыстық додаларға қосып отырған өнер ұжымының ұстаздарының еңбегіне алғысын білдірді. Өнер мектебінің «актерлік өнер» класының мұғалімі Балтабек Нұрғалиев «Қамбар Медетовке арнау» өлеңін арнаса, аудандық музей директоры Ұлдай Осанова күйшінің өмірбаяны мен отбасылық қуғынға түскен төре тұқымының белгілі тұлғалары туралы ақпарат берді.
Ал, күйшінің атын асқақтатқан «Ақсақ құлан» күйін Камилла Бектемирова орындаса, сонымен қатар «Қарасайдың қуанышы» күйі де орындалды. Мәртөк ауданының бас имамы Марал Ермекбайұлы құран бағыштады. Қ.Медетов атындағы балалар өнер мектебінің ұжымы күйші ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жеті нан таратты.
Қамбар Ерқожаұлы Медетов 1901 жылы 1 мамырда Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының Жайсаң ауылында мұғалім отбасында дүниеге келген. Қамбар Кіші жүз ханы Әбілқайырдың жетінші ұрпағы. Шежіресі бойынша Әбілқайырдан – Нұралы, Нұралыдан – Қаратай, Қаратайдан – Шонық, Шонықтан – Медет, Медеттен – Ерғожа, Ерғожан – Қамбар туады.
Қамбар Медетов ХХ ғасырдағы ең шебер күй орындаушылардың бірі. Қамбардың ерлігінің және еңбегінің бірі «Ақсақ құланды» бізге жеткізуі. Ол қазақтың аса дарынды домбырашы – күйшісі, кәсіби музыка өнерінің өсіп – өркендеуіне зор үлес қосқан ірі қайраткер ретінде ел есінде сақталмақ. Ол ұлтымыздың дәстүрлі музыкалық өнерінің қайталанбас тұлғасы.