Әр адамның цифрлық қауіпсіздігі қорғалады

Өңірлік коалиция мүшелері «Alatau city» банкінің ұжымымен кездесті. Оған қалалық мәслихат депутаты Жандос Жаңабай, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Гүлмайрам Габдушева қатысты.
Жиында жаңа Ата Заң жобасының басым бағыттары кеңінен талқыланды. «Alatau city» банкінің аймақтық директоры Гүлмайрам Габдушеваның айтуынша, Жаңа Конституция жобасында азаматтардың жеке деректерін қорғауға басымдық берілген.

— Азаматтардың жеке деректерінің заң жүзінде қорғалуы әр адамның цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бүгінде «Alatau city» банкінде 111 адам жұмыс істейді. Банк тұтынушының дербес деректерінің қорғалуын қамтамасыз етеді. «Антифрод» бағдарламасы арқылы кез келген тұтынушының жеке деректері қорғалады. Жасанды интеллект дамыған заманда адамның жеке деректерінің заңмен қорғалантыны баршамызды қуантты. Жаңа Конституцияның 20-21 баптарында әр азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайтыны, жеке өміріне және отбасының құпиясына, дербес деректерін заңсыз жинауға, сақтауға пайдалануға болмайтыны заңмен кепілдік берілетіні нақты айтылған, — деді ол.
Ал қалалық мәслихат депутаты Жандос Жаңабай әлеуметтік желідегі қауесеттерге сенбей, Жаңа Конституцияның құқықтық негізіне ерекше назар аударуға үндеді.
— 15 наурыз күні елімізде жалпыұлттық референдум өтеді. Елдігімізді айқындайтын бұл күннің тарихи маңызы зор. Жаңа Конституцияда адам құқығын қорғау, билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейту сияқты мәселелер заңмен бекітілген. Ал «тегін медициналық көмек жоқ» деген алыпқашпа әңгіме шындыққа жанаспайды. Кез келген адам тегін медициналық көмек алуға құқылы. Ешкім медициналық көмек пен білім алу құқығынан айрылмайды. «Тегін» деген ұғым құқықтық тұрғыдан нақтырақ «азаматтар ақы төлемей, заңда белгіленген тәртіппен медициналық көмек алуға құқылы» деген тұжырымдамамен алмасты, — деді ол.
Түсіндіріме жұмыстары аясында коалиция мүшелері отбасы құндылықтары мен білім саласына берілген басымдықтарға да тоқталды. Жиын соңында банк қызметкерлері коалиция мүшелеріне сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.