Аса маңызды саяси үдеріс

Еліміз жаңа саяси әрі конституциялық кезеңге табан тіреп жатыр. Яғни қазір елімізде ұлт болашағын айқындайтын саяси маңызды іс-шаралар басталды. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған конституциялық реформалар ауқымды әрі түбегейлі сипатқа ие. Бұл – Ата заңның ғана емес, сонымен бірге еліміздің саяси институттарының жаңа кезеңге қадам басып, елеулі трансформацияға бет алғанын көрсетеді.
Парламенттің халқымыздың ұлттық санасында өзіндік орны бар ұғым, атына заты сай «Құрылтай» сөзімен аталып, қайта құрылуы – реформалардың бір бөлігі ғана. Мұнда 145 депутат пен 8 комитет болады, бұл қазіргі Сенаттағы 6 комитет пен Мәжілістегі 7 комитетке қарағанда кеңірек өкілеттіктер мен жаңа интеграциялық мүмкіндіктер береді. Осы өзгерістер ел Парламентінің жұмысына үлкен саяси жаңалық әкеледі. Әрі мемлекеттің институционалдық тұғырын нығайтып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сәйкес орнықты саяси жүйе қалыптасады.
Сонымен қатар Қазақстанның Халық кеңесі атты жаңа жоғары консультативтік органның құрылуы да – маңызды саяси қадам. Оның құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де болады. Сондықтан Ассамблеяны таратып жатыр деген пікір – қате түсінік. Бұл құрылым еліміздегі бірлік, тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайту жолында үлкен рөл атқарып келді.
Қорыта айтқанда, Қызылорда облысында өткен Құрылтай – еліміздің Конституциялық жаңару дәуірінің табалдырығында тұрғанын көрсетеді. Бұл – байыппен жүзеге асатын, ел болашағы үшін аса маңызды саяси үдеріс.
Геннадий ШИПОВСКИХ,
Сенат депутаты



