Астанада өткен ҚХА-ның 34-сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев этносаралық татулық пен тең мүмкіндіктерді еліміздің басты құндылығы ретінде атап өтті.

Астанада өткен ҚХА-ның 34-сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев этносаралық татулық пен тең мүмкіндіктерді еліміздің басты құндылығы ретінде атап өтті. Ол Қазақстанда азаматтарды ұлтына, тіліне немесе дініне қарай кемсітуге жол берілмейтінін, бұл – әділетті мемлекеттің айқын белгісі екенін айтты.
Президенттің айтуынша, бүгінде елде барлық этнос өкілдері өз мәдениетін, тілін, дәстүрін еркін дамытуға мүмкіндік алған. Бұл – мемлекеттік саясаттың нәтижесі. Қазақстан этносаралық келісім бойынша өз жолын қалыптастырған және бұл үлгі бүгінде халықаралық деңгейде мойындалған.
«Біз – әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» қағидасы – ұлттық бірліктің іргетасы. Тоқаев мемлекет ешқашан популистік шешімдерге жол бермей, байыпты әрі салмақты саясат ұстанатынын баса айтты. Бұл мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін арттыруға да қатысты.
Президенттің бұл мәлімдемесі – Қазақстанның қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті сақтау жолындағы тұрақты бағытын айқындайды. Әділдік пен теңдікке негізделген саясат – елдегі тыныштық пен тұрақтылықтың кепілі. Бұл ұстаным болашақта да өзгеріссіз сақталуы тиіс.

Шүйішбаева Тазагүл Түсіпқызы
Аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы