Аудан әкімі Медет Ысқақов: «Мақсатым: іргелі ауданымызды ілгерлету»

Сейсенбіде аудан әкімі Медет Ысқақов алғашқы жұмыс аптасындағы жиындардың бірінде ауданымыздың қазыналы қарттарымен кездесті. Аудандық кеңестің төрағасы Шамиль Саринов бастаған ақсақалдар, аудан әкімін жаңа қызметімен құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

 

Ардагерлермен жүздесуде аудан басшысы ауданның даму перспективаларын атап, алдағы міндеттерді саралады.

— Ауданымыздың өсіп-өркендеуі қарқынды екенін білеміз. Сондықтан ауданды басқаруды зор жауапкершілікпен қабылдап дамыту бағытында жұмыстарды өздеріңізбен бірлесе отырып атқаратын боламыз. Бұл істе әркез қолдау білдіресіздер деген сенімдемін.

Менің алдағы уақытқа қойған мақсатым: жол және жарықтандыру, инфрақұрылым мәселелерін жандандыру. Сол үшін де, алдағы жылы қаражат үнемдеу мақсатында аса қажет емес іс-шараларды доғаруды жоспарлап отырмыз. Тиісінше, үнемделген қаржымен қордаланған жол мәселелерін шешу жолдарын қарастырамыз, — деді аудан әкімі Медет Жұмабайұлы. Көргені мен түйгені көп ақсақалдармен кездесу барысында ол үлкендердің батасын алу мақсатында жүздесіп отырғанын айтты.

Кездесуде ардагер ағамыз Амантай Смағұлов аудан әкімі М.Ысқақовтың осы өлкеде өсіп-өнгенін атап, «елге жақсылық жасаймын десеңіз жолыңыз болсын, қай ісіңізді де қолдаймыз, ал егер бұрылып бара жатсаңыз бетіңізге айтайық» дей келе, елге қызмет етуде сәттілік тіледі. Сондай-ақ, жүздесуде ауданның ауылдық округтерінен жиылған елдің арқа сүйер қариялары аудан көлеміндегі бірқатар өзекті мәселелерді ортаға салып, Медет Жұмабайұлының назарына ұсынды. Олар аудан көлеміндегі нашар жолдарды айтты, аудан орталығына темір жолдың арғы бетінде тұратын халыққа темір жолдан өтуді біріңғайлап, өту орынын белгілеуді, тазалық жұмыстарын ширату қажеттігін және жиі өшетін электр жарығы мәселелерін қозғады.

Басқосуды қорытындылаған Медет Жұмабайұлы ардагерлерге алғысын айтып, көтерілген мәселелерді зерделейтінін, оң шешім табуына ықпал ететінін, осындай жиындар әлі де жалғасын табатынын жеткізді.

Осылайша жуырда ғана тағайындалған ауданның бірінші басшысы алдымен, қай істе де тілекші болып жүретін ардагерлердің батасын алып, іргелі ауданды ілгерілету жұмысына кірісті.

 

Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА.