Берекелі мереке
Рамазан айының аяқталуымен келетін үш күндік Ораза айтының қадір-қасиеті ерекше. Алла Тағала айт сайын адам баласына әр түрлі жақсылықтар береді. Үш күн тойланатын Айт мейрамы алдымен айт намазын оқумен басталды.
Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді. Өйткені Ораза айт адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке.
Айт күнінің негізгі ерекшеліктері — адамдарды бауырмалдылыққа, кішіпейілділікке, кешірімділікке, сүйіспеншілікке шақырады. Осы орайда, аудандық «Ықылас» мешітінде айт намазынан соң бірқатар іс-шаралар өткізілді. Айт намазының алдында аудан әкімі Медет Ысқақов жиылған жамағатты Ораза айт мерекесімен құттықтады. Барша қауымға айттан айтқа, оразадан оразаға аман сау жете берулеріне тілектестігін білдірді. Мұнан соң аудан басшысы мешітке жиналған жамағатпен бірге айт намазына қатысты.
Бас имам Маралбек Ермекбайұлы таң намазынан бастап, айт намазына дейін тұщымды уағыз айтып, жамағатты шүкіршілік пен татулыққа үндеді. Ораза айтының мән-маңызын түсіндірді.
Айта кету керек, елімізде қайғылы жағдайға орын алып, қара халық су тасқынынан зардап шеккен болатын. Осынау қиын-қыстау сәтте сынаққа түсіп көңілдерін кірбің басқан халықтың көңіліне тимеу мақсатында биыл аудандық мешіт алдында дәстүрге айналған ауқымды мәдени, спорттық шаралар ұйымдастырылған жоқ.
Есесіне, мешіт қабырғасында кішкентай балаларға тәттілер таратылды. Мешіт және кәсіпкер азаматтар бірлесіп мұқтаж, 30-ға жуық аз қамтылған отбасыға азық-түлік себеттері табыстады.
Бұл мереке күндері мұсылман бауырларымызға мейіріммен қарап, ауру-сырқаулардың көңілін сұрау, кембағалдарға қарайласып, қуандыру — ең сауапты да абзал іс. Ендеше қасиетті Рамазан айынан кейін келген Мүбәрак Ораза айт мерекесі баршамыз үшін құтты болсын!
Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА.