Дарынды ұрпақ — ел болашағы

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес деген болатын.

№2 Мәртөк мектеп-гимназиясының ұстаздары, білімді де саналы ұрпақ тәрбиелеуде аянбай еңбек етуде. Гимназия шәкірттері 5 жыл қатарынан жалпы білім беретін пәндік олимпиада қорытындысы нәтижесінде аудан бойынша «Бас жүлде», облыс бойынша үздік мектептер қатарында.
Дарынды жастар қоғам үшін көп пайда әкеледі. №2 Мәртөк мектеп-гимназиясында оқу жылының қорытындысы сарапталатын күнде аудандық, облыстық олимпиадаларда білімімен мыңды жыққан олимпиада, ғылыми жарыстардың жеңімпаздары ғана емес, мектептің намысын қорғаған, дарынды оқушыларды құрметтеу жақсы дәстүрге айналып отыр.
Осы орайда, сәрсенбіде аудандық Мәдениет үйінде №2 Мәртөк мектеп-гимназиясының 2023-2024 оқу жылындағы пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар бойынша дарынды оқушыларын салтанатты түрде марапаттады.
«Мектеп — оқушы — ата-ана» үштік одағының біріккен жұмысының «Дарынды ұрпақ — ел болашағы» атты марапаттау рәсіміне ата-аналар, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Алғашқы сөз мектеп директоры Мұрат Айтназаровқа берілді. Мектеп басшысы білімділігімен биіктен көрінген шәкірттерді, олардың жетекші-мұғалімдерін, сонымен қатар жас таланттардың білім белестерін бағындыруға себепкер болған ата-аналарына алғысын жеткізіп, шәкірттердің бұдан да биік белестерді бағындыра беруін тіледі.
2023-2024 оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне аталған мектептен 37 оқушы қатысып, нәтижесінде 13 оқушы І орын, 10 оқушы ІІ орын, 7 оқушы ІІІ орын иеленген. Сөйтіп, аудан мектептері арасында «Бас жүлдені» алып отыр.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, география, қазақстан тарихынан, құқық негіздері, биология, физика, ағылшын тілінен, химия, информатика, математика, биология және география пәндерінен жүлделі орындар алған бірқатар оқушы сахна төрінде марапатталды.
Мұнан соң, «Еліміздің үздік актерлары» атағының иегері, Астана қаласында өткен «UNISTAR ASTANA» халықаралық өнер байқауында «Театр өнері» бағытында І орын иеленген аталмыш мектептің 10 класс оқушысы Ерғазы Казиев Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан» драмалық монологін орындады.
Мектептің статусы гимназия болғандықтан оқушылар қаладағы «Білім инновация», физика математика, дарын мектебі және басқа гимназиялармен білім додасына түсіп, өздерінің жоғары білім деңгейін көрсетіп, жүлделі орындар иеленіп, тек мектептің емес, ауданымыздың намысын қорғап жүр.
Облыстық пәндік олимпиадада аудан намысын қорғап, облыс көлемінде үздік мектептердің қатарынан көрініп, жүлделі орындар иеленген оқушылар да дәріптелді. Ал, осы шарада мектептің 2000-шы жылғы түлегі Нұрлан Жұмағазин, «Спец Пром INVEST» ЖШС-нің бас директоры, 2003 -ші жылғы түлегі Канат Калмаганбетов, жеке кәсіпкер және де 2002-ші жылғы түлегі Ерлан Жиенбаев, «НОДГП» «Батыс» мекеме басшысы демеушілік көрсетті.
Іс-шара барысында №2 Мәртөк мектеп-гимназиясының 10 класс оқушысы Аружан Алдажарова жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша жүлдегер атанып, Ақтөбе облысының білім басқармасының І дәрежелі дипломымен марапатталды. Демеушілер атынан сыйлыққа «Самсунг» ұялы телефоны табысталды. Ол, пәндік олимпиаданың республикалық кезеңіне жолдама алды. Енді облыстың намысын республикалық олимпиадада қорғайды. Осындай марапаттқа география пәнінен жүлделі ІІ орын алған 11 класс оқушысы Асем Құрманғазыева ие болып, демеушілер атынан 30 000 теңгенің сертификаты табысталады. Ал, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 9 класс оқушысы Айзат Айтқали пен 9 класс оқушысы Жанболат Пашенбаев жүлделі ІІІ орын алып, 20 000 теңге сертификаттарын алды. География пәнінен «Мақтау қағазын» иеленген ең жас қатысушы 8 класс оқушысы Нұркен Амангельдин де марапатталып, демеушілер атынан 15 000 теңге сертификаты табысталды.
Осындай үлкен додаға жоғары класс оқушыларымен білім бәсекесіне түсіп жүрген дарынды шәкірттердің бірі 8 класс оқушысы Нұркен Амангельдин мен Алуа Сисенбай аталмыш олимпиадада 9 сынып оқушыларымен бірге бәйгеге түсіп, өзінен үлкен оқушылар арасында оза шықты.
Сөйтіп, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде география пәні бойынша жоғары қабілетімен ерекшеленген 8 класс оқушысы Нуркен Амангельдин «Ең жас қатысушы» ал, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде ағылшын пәні бойынша жоғары қабілетімен ерекшеленген 8 класс оқушысы Алуа Сисенбай «Ең жас қатысушы» номинациясымен марапатталды. Келесі кезекте, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық жеңімпаздарының ұстаздары мен ата-аналары марапатталды. Ұстаздардың ішінде марапат Сұлушаш Кауменова, Ботакөз Бекқалиева, Раушан Телеугалиева және Айдана Дузбасоваға бұйырды.

Ал, ата-аналардан Мұрат Алдажаров пен Махаббат Алдажарова, Кенжеалы Мұқашов пен Нұргүл Рублёва, Самат Абдрахманов пен Анаргүл Қалқаманова, Оразғали Имашев пен Толғанай Жоламанова, Оспан Утаргалиев пен Бақытгүл Абдуллиналар марапатталды.
Шара барысында барлық қатысушыларға, саналы ұрпақ тәрбиелеп отырған ата-аналарға, зейінді шәкірт дайындаған ұстаздар қауымына, демеуші түлектерге, қабілетті шәкірттерге ризашылық білдіре отырып, Ақмарал Даулетназарова «Алғыс» әнін орындады.
Сондай-ақ, аталған білім ордасында оқушыларды олимпиадаға дайындау мақсатында олимпиада резервтерімен жұмыс жүйелі түрде жүргізіледі. Келесі кезекте осындай пәндік олимпиадаларда жүлделі орындар алып жүрген бірсыпыра дарынды оқушылыр ауданымыздың намысын қорғап жүрген аға-апаларының жолын берсін деген мақсатта үлкен сахнада марапатталды.
Келесі, «Жас ғалымдарды» марапаттау сәтінде 2-7 сынып оқушылары арасында өткен «Зерде» ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде ІІІ орын иеленген 7 класс оқушысы Сәнім Хакимова, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық «Дарын» ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде ІІ орын алған 9 класс оқушысы Айкөркем Амантай, ІІІ орын иеленген 8-класс оқушысы Қайсар Жеткерген мен Іңкәр Есбусиновалар марапатталды. Осы конкурстың облыстық кезеңінде «Мақтау қағазын» иеленген 9 класс оқушысы Айзат Айтқали да марапатқа ие болды.
Кіл мықтылар бас қосқан шара соңында Халықаралық «Alash star» өнер байқауында бас жүлде иеленген 11 класс оқушысы Ақниет Шикалова «Самға» әнін орындап берді.
Мемлекеттің тәуелсіздігінің бүгінгі даму сатысында ел жастарына артылып отырған сенімнің жауапкершілігі — үлкен, күтілетін үміттің үлесі мол. Себебі бүгінгі жастар ертеңгі ел тізгінін ұстаушылар. Бүгінгі түлек — ертеңгі ел мүддесін қорғайтын азамат.
Бұл шара, білім сайысында облыс, республика көлемінде танылып жүрген дарынды да білімді оқушыларға тың серпін береді деген сенімдеміз. Тұғыры биік еліміздің ертеңі бүгінгісінен де жарқын болуы — рухы асқақ, өресі биік, білімді де талантты ұрпақ қолында.
Білім ордасының абыройын асқақтатар білімді де, тәрбиелі шәкірттер көп болсын!

Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА.