ДӘСТҮРЛІ «БАЙҒАНИН ОҚУЛАРЫ»

Аудандық балалар кітапханасында жылдағы дәстүрмен халық ақыны, айтыскер, жырау Нұрпейіс Байғаниннің шығармашылығына арналған «Байғанин оқулары» облыстық байқауының аудандық кезеңі болып өтті.

Байқауға ауылдық кітапханалардың және балалар кітапханасының тұрақты оқырмандары қатысты. Байқау 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезең аудан орталығында өткізілсе, екінші кезең ауданнан жеңімпаз атанған қатысушы облыс орталығында болатын байқауға жолданатын болады. Байқауымыздың бағасын беріп, жеңімпаздарды анықтайтын әділқазы алқалары болып Мәртөк аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Ерманова Жанар, айтыскер ақын Мұқан Жаңажол, музыка пәнінің мұғалімі Мусагалиева Фариза сайланды. Байқауда қатысушылар 2 шығарма, яғни ақын Н. Байғаниннің бір өлеңі немесе дастанынан үзінді және жергілікті қаламгердің бір өлеңі немесе шығармасынан монолог жатқа оқыды.

Байқаудың қорытындысы бойынша қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтап, марапаттады. 1 орынды Қожаберген Перизат, Қаратоғай жалпы орта мектебінің 8 сынып оқушысы алса, 2 орынды Аманова Ақтолқын №4 мәртөк жалпы білім беретін мектебінің 9 сынып оқушысы және Мұратбаева Әсел Саржансай орта мектебінің 8 сынып оқушысы алды. 3 орынды Зиновая Мила Бөрте орта мектебінің 10 сынып оқушысы иеленді.

Жеңімпаздар мен белсенді қатысқан оқушыларды құттықтап, дипломдар мен алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табысталды.