Дәулескер күйшінің таңдауы

Қазанғаптың күй мұрасын дәріптеп жүрген белгілі күйші Жайлау Асылханов та сайлау күні өз таңдауын жасады. Ақтөбенің “Жібек жолы” ауданында тұратын күйші немересі Нұрмұхамбет білім алып жүрген №61 мектептегі сайлау учаскесінде дауыс берді.
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жайлау Асылханов азаматтық міндетін орындауға жұбайы Бағдагүл Қосмағамбетовамен бірге келген. Бағдагүл ханым да мәдениет саласының өкілі. Ұзақ жылдар филармонияның әншісі болған ол қазір зейнет демалысында. Өнерлі жұп №535-ші сайлау учаскесінде тіркелген.

–Бүгін ел өміріндегі елеулі саяси науқан – Құрылтай сайлауына қатысып, азаматтық таңдауымды жасадым. Қай заманда да елдің ертеңіне алаңдау, ұрпақтың болашағын ойлау – үлкен жауапкершілік деп білемін. Өнер саласының өкілі ретінде ұлттық мәдениетіміздің сақталып, дәстүрлі өнеріміздің одан әрі дамуына мән берілгенін қалаймын. Құндылықтарымызды ұлықтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет. Қазақтың күйі – халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен тағылымын жеткізген асыл мұра. Сондықтан ұлттық өнерге құрметпен қарап, оның келешегіне жағдай жасау – елдің рухани тұтастығы үшін аса маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай сайлауы да ұлттық құндылықтарымыздың, мәдениетіміз бен өнеріміздің одан әрі дамуына өз ықпалын тигізеді деп сенемін. Ел аман, жұрт тыныш болып, бүгінгі таңдауымыз ел игілігіне қызмет етсін, – дейді дәулескер күйші.