ЕЛ ЕРТЕҢІ – БІЛІМДІ ЖАСТАР

2024 жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «Мемлекеттік қызметшілер өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаратын кәсіби маман ғана болмауы керек. Олар әрдайым бастамашыл, нақты ісімен елге пайда әкелетін және өзгерістердің өміршеңдігін халыққа көрсете алатын азамат болуы қажет. Сондай-ақ олар білімді-білікті ғана емес, сөзі мен ісі үйлесетін, тиянақты, тәртіпті және арлы адам болуы шарт» — деп айтып өтті. Бұл қағида барлық мемлекеттік қызметшінің басты ұстанымы деп есептеймін. Себебі мемлекеттік қызметші дегеніміз — мемлекеттің идеясы мен саясатын алға жылжытушы тұлға.

Біз күнделікті өмірімізде «Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет» деген сөздерді жие естіп жүрміз. Ал осы сөздердің мағынасын терең түсініп жүрміз бе деген сұрақ та бар.

Жалпы жақсы маман болу үшін әр маманның бойында терең білім, әдептілік, төзім, үлкен жауапкершілік сияқты қасиеттер болуы керек.

Қазір жастар арасында отбасы дәстүрінен айнымау үшін ата-бабасынан үзілмей келе жатқан саланы таңдау көрініс тауып жатады. Ал біреулер жүрегі қалаған мамандықты таңдап, сол мамандық бойынша қызметінде іскерлік қабілетін танытып жүр. Жалпы, мамандығын жақсы көретін жан «тар жол, тайғақ кешуде» еш берілмейді және жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайды.

Қазақтың ұлы жазушы­сы Мұхтар Әуезов айтқандай «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек», яғни мемлекеттік қызметшінің кәсібилігі олардың жұртшылық алдын­да­ғы мемлекеттік басқару орган­дарының имиджін анық­тайтын мінсіз мінез-құлық­тарымен қатар жүруі керек. Мемлекеттік органдардың нақты нәтижеге қол жеткізетін тиімді жұмысы, мемлекеттік аппараттың ашықтығы елдің дамуына зор әсер етеді.

Мемлекеттік қызметшілердің басқа салада қызмет ететін адамдардан ешқандай айырмашылығы жоқ, керісінше жауапкершілігі үлкен, сол себепті де мемлекеттік қызметшілердің жұмысын оңай деп айтуға болмайды, кей кездері уақытқа бағынбайды деуіміздің де себептері болып жатады.

Иә, кейбір жағдайда халықтың мемлекеттік органдардың қызметіне көңілі толмай жатады. Осы олқылықтарды жою, оны болдырмау – біздің атқарар қызметіміздің басты бағдары.

Мемлекетті өркендету, дамыту бағытындағы ең жауапты істе мемлекетік қызметшілердің қосар үлесі зор.

Тәуелсіздік алған кезден бастап Қазақстанда тиімді мемлекеттік аппарат құруға, кадр саясаты мәселесіне баса көңіл бөлініп келе жатыр. Қажетті институттар мен уәкілетті органдар құрылып, заңдар мен сол заңдарға сәйкес іске асырылатын нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Агенттікке берген Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету туралы тапсырмасына сәйкес жаңа тәсілдер әзірленіп, бүгінгі күні мемлекеттік қызмет туралы заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы енгізілген өзгерістердің басым бөлігі  жастарға беріліп жатқан мүмкіндіктер екендігін атап кеткен жөн. Себебі жастар қашанда белсенді буын өкілдері екендігін ұмытпауымыз керек.

Мемлекеттік қызмет саласында енгізілген өзгерістердің бірі – мемлекеттік тапсырыс негізінде жоғары оқу орындарын аяқтаған түлектерді оқуды аяқтағаннан кейін 1 жыл ішінде мемлекеттік қызметтің аудандық және ауылдық деңгейдегі «Б» корпусының төменгі лауазымдарына конкурссыз тікелей тағайындау. Бұл – тиісті оқу нәтижесін 3,33 GPA-дан жоғары, яғни дәстүрлі жүйе бойынша «жақсы» деген көрсеткішпен, немесе баллдық жүйе бойынша 85-89 деңгейінде аяқтаған түлектерге берілген мүмкіндік. Осы енгізілген жаңашылдық нәтижесінде қазіргі таңда Республика бойынша 100-ден астам түлек, оның ішінде Ақтөбе облысы бойынша 10 түлек аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі, басшылық емес лауазымдарға конкурссыз қабылданды.

Атап айтқанда, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің түлектері мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурссыз қабылданды.

Бүгінгі күні конкурссыз мемлекеттік қызметке қабылданған 4 жас маман (Идрисова А.А., Қалдығали Д.Е., Тлектес А.Н., Шаратдинова А.С.) орталық мемлекеттік органдардың Мұғалжар, Мәртөк, Темір және Хромтау аудандарындағы аумақтық бөлімшелердің басшылық емес лауазымдарында,          1 маман (Құрмантаева А.А.) Алға аудандық мәслихат аппаратында, ал 5 маман (Мұрат Н.Т., Қалданова Н.Б., Рахметова Н.Т., Фанилова Н.Ф., Қалағанов Қ.А.) Алға, Әйтеке би, Хромтау, Шалқар, Темір аудандарында жергілікті мемлекеттік органдарда қызмет атқаруда.

Жалпы, бүгінгі күні облыс бойынша мемлекеттік қыз­мет­­шілердің 34,8%-ы 35 жасқа дейінгі жастар. Олардың саны ғана емес, сапасы да өсіп жатыр. Яғни, білімді, ал­ғыр, бәсекеге қабілетті жас­тардың қатары күннен-күнге артуда. Айта кету керек, облысымыздың мемлекеттік органдарында еңбек етіп жүрген қызметшілердің 28-і Мемлекеттік басқару академиясының түлегі болса,             5 маман «Болашақ» бағдарламасын аяқтаған. Бұл да өңірдің осы саладағы жетістігі.

Әрине, мемлекеттік қызметші болу – бұл үлкен абырой мен міндет. Болашақта ел тізгінін ұс­тай­­тын азаматтар – бүгінгі жастар, олар билік пен халық арасында байланыстырушы буын болып табылады.

Осы жерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Жастарымыз үш нәрсенің айрықша маңызды екенін түсінуі керек. Бұл – терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз» — деп айтқан сөздерін келтіре отырып, бүгінгі жастар мен тәжірибелі мемлекеттік қызметшілер, яғни мемлекеттік қызмет ардагерлерімен ұрпақтар сабақтастығын нығайту, тәжірибе алмасу мақсатында құрылған Тәлімгерлер кеңесінің жұмысы туралы айта кетуге болады.

Кеңестің мақсаты – жаңадан тағайындалған мемлекеттік орган басшыларының кәсіби бейімделуіне көмек көрсету, тәжірибелерімен бөлісу, ақыл-кеңестерін беру.

Тәлімгерлер кеңесінің құрамы С.Т.Шангутов, С.К.Ботағарин, М.Н.Жекеев, А.А.Мырзалин, С.М.Қалдығұлова, С.Еңсегеұлы сынды кезінде көп жылдар мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарда болған абыройлы, жастарға айтары бар мемлекеттік қызметтің беделді ардагерлерінен жасақталды.

Осылайша ұрпақтар сабақтастығы дей отыра, ардагерлер – кез келген қоғамның алтын қазынасы екендігін ұмытпайық.

Ал аға буынның жастарға берген ақыл-кеңестері осы күрделі әлемде өздерінің лайықты орнын анықтауға, мүмкіндігінше өзін-өзі тануға көмектесу болып табылады. Ол үшін әртүрлі форматтарда кездесулер ұйымдастырылып отырады, соның бірі өткен жылы, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Тәлімгерлер кеңесінің отырысы барысында жоғарыда айтып кеткен – конкурссыз қабылданған жас мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдау рәсімі. Аталмыш шараға қатысқан  жастардың «Ауылда жұмыс жоқ деп айтуға болмайды, ниеттенген адамға міндетті түрде жұмыс табылады. Қазақ ауылын біз ойламасақ, кім ойлайды» дей келе қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым», «Отан туралы» өлеңдерімен Отанға деген сүйіспеншіліктерін танытуы, көптің жүрегіне ой салғандай. Жастар өздерінің қорытынды сөздерін «Біз – Жас мемлекеттік қызметшілер, білімді, жігерлі жастарды біздің алтын бесігіміз – ауылдық жерге жұмысқа шақырамыз!» деген ұранмен аяқтады. Бұл рухы биік жастарға ой салып, бей-жай қалдырмасы анық.

Жастар – қай заманда, қай елде болсын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Еліміздің жас буын өкілдері  ауылды өркендету ісіне аса назар аудару қажет. Олай болса ауылдың өмірін жақсарта отырып, елдің өркендеуіне өз үлесін қосу, халқына қалтқысыз қызмет ету әр азаматтың міндеті.

Дана халқымызда «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты болады» деген сөз бар. Осылайша қашан да жүгі ауыр билік міндетінің ауқымды және мақсатының биік болары барлық мемлекеттік қызметшілердің әрқашан жадында болуы керек. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті туған Отаны мен халқына адал қызмет етумен бағаланады. Ал жас буын өкілдері мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырады деген үміт пен сенім үлкен.

 

 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері

агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша

департаментінің бас маманы Р.Шумекеева