Елімізде шетелдік студенттер санын 100 мыңға дейін арттыру көзделіп отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы форумда сөйлеген сөзінде 2029 жылға қарай елімізде білім алатын шетелдік студенттер санын 100 мыңға дейін жеткізу көзделіп отырғанын айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президенттің айтуынша, қазіргі кезде еліміздің жоғары оқу орындарында 31 мыңнан астам шетел студенті білім алады. Бұл – қазіргі сәтте Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш.
2029 жылға қарай аталған межені 100 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін виза режимі оңтайландырылып, шетелдіктердің алаңсыз білім алуына барынша қолайлы жағдай жасалады.
Үздік түлектердің Қазақстанда тұрақтап қалуына мүмкіндік беретін жұмыспен қамту бағдарламасы іске қосылады.
– Шетел университеттерінің филиалын ашу инженерлік және IT білімді дамыту мақсатымызға толық сай келеді. Қазақстанда қолданбалы инженерияның бірегей институты саналатын үш Лу Бань шеберханасы ашылды. Бұл Қытай үкіметінің бастамасы екені баршаңызға мәлім. Пэн Дуань мырза баяндамасында қытай мамандарының елімізге ерекше назар аударып отырғанын әрі Қазақстандағы адам әлеуетінің жоғары екенін атап өтті. Біз үшін ядролық энергетика саласына маман даярлау да ерекше мәнге ие. МИФИ ректоры Владимир Игоревич Шевченко осы маңызды іске белсенді атсалысуға ниет білдірді. Сізбен бірге жұмыс істейміз. Міндетіміз – білім мен ғылымды экономиканың нақты секторымен тікелей байланыстыру. Бұл бағытта сәтті мысалдар бар. Ербол Маратұлы Исақаев баяндағандай, Қозыбаев университеті мен Аризона университетінің серіктестігі нәтижесінде күкіртті инновациялық полимерге айналдыратын озық технология әзірленді. Бұл – өте қажет жоба. Себебі елімізде күкірттің қоры мол. Аталған жоба химия өнеркәсібінің дамуына тың серпін береді, ең бастысы, экологиялық түйткілдердің шешілуіне түрткі болады, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент еліміздегі жоғары білім мен университеттегі ғылыми ізденістерге бизнес те белсенді үлес қоса бастағанын мәлімдеді.
– Мәселен, компанияларымыздың бірі Тараз қаласында Менделеев атындағы Ресей химия-технология университетінің филиалын ашуға қаржы бөлді. Тағы бір компания шетелдік жоғары оқу орнымен серіктестік аясында тау-кен саласына маманданған университет ашпақ. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты (МГИМО) Астана филиалының қызметіне зор үміт артамыз. Танымал жоғары оқу орнына арнап бөлек ғимарат салынады. Соңғы жылдары Қазақстанның ірі бизнес өкілдері жоғары білім мен ғылымға көбірек қолдау көрсете бастады. Зерттеушілер мен өндіріс ошақтарының ықпалдастық жүйесі қалыптасып келеді. Жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарда технологиялық трансфер кеңселерін құру осы бағыттағы перспективті қадам болар еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйлегенін жазғанбыз.




