Қазақша оқып жүр талай ұлттың баласы
Көп ретте кей істердің көзге түсе қоймайтыны бар. Кейін ол араға жылдар салып барып білініп жатады. Сабырлылық салиқалы саясаттың нәтижесіне нәрін септі деген осы шығар, қазақша білім ұяларында құрбы-құрдастарымен ана тілімізде оқитын өрендер қоғамның шынайы шындығына айналды.
Бұған ауданымыздың өмірінен дәлелдер мен дәйектер жеткілікті. Еліміздің ертеңін көркейтуші жаңа ұрпақ бойына патриоттық қан біту, ойына отаншылдық сезім сіңу бастауы да, баяны да мемлекеттік тілге деген құрметтің өсуінен білінер көңіл көркейтерлік құбылыс екеніне дау болмас. Осылайша сөз қозғауымызға алдымен аудандық білім бөлімі берген мынадай мәліметтер арқау болған еді. Соған сүйсіне сүйенгіміз келіп отыр. Қазақ мектептерінде білім мен тәрбие алуды қалаушы өзге ұлт жеткіншектерінің саны жылдан-жылға ауыз толтырып айтарлықтай өсе түскен. Мәселен, 2021-2022 оқу жылында 36 татар, қарақалпақ, өзбек және басқа да ұлт өкілдерінің балалары қазақ оқушыларымен қатар өсуге қосылып, бірге білім қуса, былтыр өзге ұлт балаларының қатары 40-қа жетіпті. Ал биыл 42-ге көтеріліпті. Үш жылдың ішінде ғана алты жаңа өскіннің өз таңдауын мемлекеттік тілдегі оқу орындарына арнауы еркін елдің ертеңіне, кемел болашақтарына берік сенімді айғақтаса керек. Мұндай зор талапқа, рухани баюға, әлбетте, ата-аналарының әсері тигендігі түсінікті.
Тәуелсіздіктің ортақ мерейіне көзі жеткен, ойлана білетін парасатты азаматтардың, пайымды жандардың ел абырой-беделіне тілеулестігі деп байыптауға болады мұндай шешімді. «Ел-елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен жақсы» делінген сөздің мән-мағынасы күнбе-күн танылып, қадірін бағалай білуге тартуы анық. Өз еркімен қазақша оқуды қалағандардың бәрі туралы бір шағын мақалада айтып өте алмаспыз. Бірқатарын таныстырғанда Мәртөктегі №4 мектептегі осы тұрғыдағы жарасымды жайға бөлек тоқталуға болады. Өйткені, мұнда бауырлас ұлттардың 6 баласы қазақша оқиды. Солардың бірі Дильназ Фамильгызы Азизова — 9-шы сынып шәкірті. Ұлты әзірбайжан Дильназ алғаш тілі шыққанан қазақша сөйлей бастапты. Оның себебін нағашыларының қазақтар болуымен байланыстырады. Даярлық тобына №3 Мәртөк орта мектебіне барыпты. Бірінші сыныпқа №4 мектеп табалдырығын аттаған. Бастауыш сыныпта төрт жыл бойындағы ұстазы Әсемгүл Арыстанованың талмай-қажымай үйретуі, өзінің де алғырлығы арқасында бүгінде сыныптастарының қай-қайсысынан кем түспейді.
Дильназдың жетіп жүрегн жетістіктері де жетерлік. Аудандық баскетбол жарысынан І орын; ҚР Тәуелсіздік күніне орай «Сарыжар ЖОББМ» КММ ұйымдастырған волейболдан оқушы қыздар арасындағы Мәртөк аудандық мектеп біріншілігінде І орын; Тәуелсіздік күніне орай «Сарыжар ЖОББМ» КММ ұйымдастырған волейболдан оқушы қыздар арасындағы Мәртөк аудандық мектеп біріншілігінде үздік байланыстырушысы; Аудандық жасөспірімдер 9-11 кластар арасында «Баскетбол» жарысында мектеп лигасы біріншілігінде ІІ орын; Аудандық жасөспірімдер 9-11 кластар арасында «Волейбол» жарысына мектеп лигасы біріншілігінде І орын иегері. Сонымен қатар, «Шахмат» үйірмесіне қатысып, «математиканы түсіне бастадым», — дейді.
№4 мектептің тағы бір шәкірті Марина Шроо. Ұлты лезгин. Ақтөбе қаласындағы «Үміт» сәби үйінде тіл сындырып, білім жолындағы қадамы Алға қаласындағы қазақ мектепте бастапты. Сөйтіп, Марина үйреткенді түсініп, түсіндіргенді ұғынып, сыныптастарымен қысылмай сөйлесе алатын болыпты. «Менің қазақ тілін еркін меңгеруіме «Үміт» сәби үйінде, Алғадағы балалар үйіндегі тәрбиешілерім, араласқан ортам көмектесті. Мәртөкке келгенде қазақ тілі мен әдебиет пәнінен берген Алтынгүл Кеңшілік апайым да көп көмектескен болатын. Мені ешкім қазақ тілін үйрен деп қинаған жоқ. Қазақ тілін өзім үйрендім. Және осы үйренгендерім бүгінде өз қажеттілігіме жарауда», — деп бөлісті Марина.
Маринаның спортқа да, өнерге де бейімі бар. Мерекедегі ойын-сауықтың көркі. Алғадағы баллар үйінде болғанында «бассейн», «теннис» үйірмелеріне қатысқан. Бүгінгі күні аудандық Қ.Медетов атындағы балалар өнер мектебінің «вокал» класының оқушысы. Аудандық байқаулардан жүлделі орындар да алып жүр. Осыған дейін мектепішілік «баскетбол» үйірмесіне қатысқан. ҰБТ-ға дайындалуы үшін бұл үйірмеге әзірше бармай жүргенін айтады.
«Ортақ Отанның, бір шаңырақтың тілін білу өмірдің өзі қойып отырған талап қой. Өз ортаңның тілінде сөйлеу сыйластықты жарастыратынын, дүниетанымыңды кеңейтетінін көріп жүрміз. Басқа өңірлердегідей Мәртөк мектептерінде де жеткіншек қандастар қатарын ниеттес, тілектес отандастарымыздың өрендері толықтыра түсуі, сөз жоқ, достықты, татулықты ту етудің жемісі.