Келешек мектептері: Ақтөбе облысында жыл соңына дейін 12 жайлы мектеп пайдалануға беріледі

Ақтөбе қаласындағы Саяжай-1 тұрғын алабында 300 орындық жайлы мектеп бой көтерді. Құрылыс жұмыстарын «Бабәк-Құрылыс» ЖШС мердігер ұйымы жүргізуде. Қазір нысанның ішін әрлеу жұмыстары аяқталуы жақын. Сондай-ақ, мектептің ауласы да абаттандырылып жатыр. Мектеп алдағы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
«Қазір құрылыс жұмыстары 90 пайыз аяқталып тұр. Тек ішкі дизайн мен инженерлік жұмыстары ғана қалды. Мектеп акт залымен, үлкен спорт залымен жабдықталған. Кітапханасы, асханасы бар. Балалардың жайлы білім алуына мұнда барлық жағдай жасалған» – дейді «Бабәк-Құрылыс» ЖШС менеджері Ақмарал Алимбаева.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаевтың айтуынша, биыл жылдың соңына дейін өңірдегі барлық «Келешек мектептері» қолданысқа беріледі. Басым бөлігінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
«Президент тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс аумағында 14 мектеп салынуда. Оның екеуі – Есет батыр және Ақжар-2 тұрғын алаптарындағы мектептер биыл көктемде қолданысқа беріліп, оқу процесі басталып кетті. Қалған 12 мектептің құрылыс жұмыстары аяқталуы жақын, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда» – деді Аслан Жарасбаев.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептердің құрылысы өткен жылы басталды. 4 мектеп Мұғалжар, Мәртөк, Темір аудандарында, қалған 10 мектеп облыс орталығында орналасқан. Аталған нысандар 11400 орынға арналған.