КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУЛЕР БАСТАЛДЫ

Президент жарлығына сәйкес халық алдындағы есептік кездесулер жаңа форматта өткізіліп жүр. Аудан және ауыл әкімдері тоқсан сайын жұртшылықпен жүздеседі. Тағы бір ерекшелігі аудан әкімі тек ауылдық округ орталықтарында ғана емес, ауданға қарасты барлық елді мекенде халықпен кездесу өткізіп, тұрғындардың мұң-мұқтажы мен арыз-өтінішін өз құлағымен естиді.

 

Осы орайда, төртінші тоқсандағы тұрғындар алдындағы кезекті есептік кездесулер 9 қараша күні Хазірет және Родников ауылдарынан бастады.

Есеп беру кездесулерге аудан әкімі Алмас Салықбаевтан басқа, тұрғындардан сұрақтар туындауы мүмкін бөлім басшылары да қатысты.

Ауылдарда проблемалық мәселелер, шешу жолдары, сондай-ақ ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін жүргізілетін жұмыстар талқыланды. Хазіретте азаматтардың сұрақтары ауыл шаруашылығы мақсатында жер бөлу, сонымен қатар Хазірет — Петропавл бағытындағы облыстық жолды жөндеуге қатысты болды.

Хазірет ауылынан кейін іс-сапар Родников ауылында жалғасын тапты. Мұнда да сұраққа кезек беріліп, тұрғындар көкейлерінде жүрген ұсыныс-тілектерін жеткізді. Олар ауылдағы Б.Момышұлы көшесін жөндеу, газ қызметінің жұмысы мен Үміт және Пушкин көшелерінің жарықшамдарын жөндеу туралы, сонымен қоса таңқурай егуге қосымша 5 га жер көлемін бөлу, Родниковка ауылында дәріхана ашу  турасында мәселелерді көтеріп, сұрақтарын ортаға салды.

Көтерілген мәселелер бойынша тұрғындармен жеке қабылдау өткізіліп, жауапты мекеме басшыларына жұмыс жасау тапсырылды.

 

Ал, келесі күні Қаратоғай, кейін Сарыжар ауылдарында есептік кездесулер болды. Кездесулерде аудан әкімі Алмас Салықбаевтың есебінен кейін сұраққа кезек беріліп, тұрғындар тарапынан қордаланған мәселелер төңірегінде сұрақтар қойылды. Ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген ұсыныс-тілектерін жеткізді.

 

Айта кетерлігі, Қаратоғай ауылында ешқандай сұрақ көтерілмеді. Ал, сарыжарлықтарды қаңғыбас иттер мәселесі, ауылдағы мешіт асханасының жұмыс жасамауы, Қонаев көшесінің жөнделуі, Тәуелсіздікке 20 жыл көшесін асфальттау ауылдағы жаңа қоныс аумағын су басу қаупі мен су қысымының төмендігі, қыс мезігілінде жолдарды күтіп ұстау үшін бөлінетін қаражатты арттыру және де жаңа медициналық пункт құрылысы туралы мәселелер толғандыратыны айтылды.

Аталған мәселелер бойынша азаматтардың әр қойылған сұрағына толық жауап беруге тырысқан ауданның бірінші басшысы әкімшіліктегі жауапты мамандар мен құзырлы орындарға нақты тапсырмалар жүктеп, өз кезегінде аталған мәселелер мен олардың шешімдерін жеке бақылауына алатынын жеткізді.

Кейбір тұрғындардың жеке өтініші де жерде қалмай, ауылдық округтердің әкімдеріне тұрғындар мәселесін таяу арада шешу тапсырылды.

Рас, мұның бәрі бүгін пайда болып, ертең шешіле салатын мәселелер емес екені анық. Дегенмен ойын ортаға салған халықтың талап-тілектері де орынды және уақтылы шешімін тауып отырса деген тілектеміз.

 

Түйін. Үшінші тоқсандағы есепті кездесулерде ауылдардағы қарапайым халық иесіз иттермен күрестің жүйелі жүргізілмей жатқанына қынжылыс білдіріп, сауалдарын жолдаған болатын. Осы тоқсандағы алғашқы кездесулерде де сол сұрақ өзектілігін жоғалтпай, тұрғындар тарапынан қайта жолданды. Бұл тек бір ауылда ғана емес, ауданға қарасты барлық ауылдың күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе екенін ескерсек, алдағы уақытта да үнемі назарда болатынын айта кеткен жөн.

Бүгінде қаңғыбас иттер нағыз әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Айта кетерлігі, мақсат — сала мамандарын кінәлау емес. «Қаңғыбас иттер жойылса» деген ауыл тұрғындарының тілегі тиісті органдар назарынан тыс қалмаса екен… Иесіз иттер жойылса, олар ешкімге қауіп төндірмесе деген ой. Тиісті мекеме қызметкерлеріне қоғам мүшелеріне деген жанашырлық, жұмысты жүрекпен істеу секілді ыждағаттылық болса деген ниет қана.