Кремльде Қазақстан мен Ресей басшыларының бейресми жеке кездесуі өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Ресей президенттері бейресми жеке кездесу өткізбек. Бұл туралы бүгін өзінің Telegram парақшасында ҚР Президентінің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды.
– Мәскеуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары басталды. Мемлекет басшысын салтанатты қарсы алу рәсімі №1 борт Ресей әуе кеңістігіне өткен сәттен басталып кетті. Ерекше құрметтің белгісі ретінде қазақстандық делегация отырған ұшақты истребительдер мен тікұшақтар алып жүріп, Внуково әуежайында әскери оркестр мен құрмет қарауылының қарсы алуымен жалғасты, – деп жазды ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы.
Сондай-ақ ол сәлден соң Кремльде мемлекеттер басшыларының бейресми жеке кездесуі өтетінін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапарына орай Ресей Федерациясы Президентінің атынан кешкі ас беріледі.
-Мемлекет басшысының ертеңгі жұмыс кестесі де өте тығыз. Кремльдегі ресми қарсы алу рәсімінен кейін Владимир Путинмен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіледі. Президент сондай-ақ Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумында сөз сөйлейді,-деп мәлім етті Руслан Желдібай.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды.
Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12 қарашада Ресей Федерациясына мемлекеттік сапармен баратыны хабарланды. Мемлекет басшысы Президент Владимир Путинмен келіссөздер жүргізеді. Сапар аясында екіжақты стратегиялық әріптестік пен одақтастықты дамыту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланады деген болжам бар.




