Құрылтай – халық пен билік арасындағы алтын көпір

Қазақстан егеменді ел, тәуелсіз мемлекет ретінде дамудың жаңа кезеңіне өткелі отыр. Бұл ең алдымен бүгінгі заманның талабына байланысты қоғам алдында тұрған мәселелермен, жаңа саяси-экономикалық және құқықтық реформаларды іске асырумен байланысты. Бәрімізге белгілі, мемлекеттің дамуы қоғамның интеллектуалдық әлеуетіне байланысты. Өйткені қоғамның интеллектуалдық әлеуеті жоғары болмайынша, мемлекет қолға алған реформалардың нәтиже беруі екіталай. Сондықтан кез келген мемлекеттің дамуы, ең алдымен, адами капиталға байланысты. Бүгінде табиғи ресурстарға ғана арқа сүйеу жеткіліксіз. Қазіргі заман білімді, тәжірибені, ғылымды, технология мен жаңашылдықты талап етеді. Сондықтан әрбір азамат білімін жетілдіріп, кәсіби тұрғыдан дамуға ұмтылуы қажет.
Ал ол үшін алдымен қоғамға сенім мен жауапкершілік керек. Себебі Әлихан Бөкейхан айтқандай, мемлекеттің беріктігі халықтың оған деген сенімі мен ел бірлігіне байланысты. Сондықтан әр адам осы жауапкершіліктің маңызын түсінсе деймін. Осыған байланысты жаңартылған Конституцияда адами капиталды нығайту, мемлекеттің тәуелсіздігін күшейту, елдік мүддені қорғау, ғылым мен өнерді дамыту, заң мен тәртіп те қамтылған.
Әділетті қоғам құру, құқықтық мәдениетті нығайту — ел саясатының басты ұстанымының бірі. Сондықтан қоғамда қордаланған мәселелерді шешу үшін мемлекет пен халық арасындағы байланыстың берік болуы аса маңызды.
Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай халық пен билік арасындағы өзара байланысты нығайтатын маңызды саяси алаң болмақ. Оның басты міндеті де сол — қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, ел дамуына ортақ ұстаным қалыптастыру.
Қазақ халқының тарихында құрылтайдың орны ерекше. Сол тарихи дәстүрдің жалғасы ретінде жаңа Құрылтай да халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, қоғам мен мемлекеттің алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылайтын, зиялы қауымның білімі мен тәжірибесін ел игілігіне жұмылдыратын беделді алаңға айналады деп сенемін.
Үмбетқан Сәрсембин,
философия ғылымдарының кандидаты.




