Құрылыс нысандары партиялық бақылауда «AMANAT» партиясының Ақтөбе облыстық партиялық бақылау комиссиясы мүшелері Мәртөк ауданына барып, партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында бой көтерген құрылыс нысандарын бақылады.

Кенсахара ауылында 100 орындық жаңа мектеп салынуда. Құрылыс жұмыстарын «Номад Құрылыс» ЖШС қолға алған. Құрылыс жұмыстарына 5 техника, 20-дан астам адам жұмылдырылуда. Қазір құрылыстың 30 пайызы аяқталған. Партияның Жол картасына сәйкес жаңа мектеп ғимараты 2026 жылы толық аяқталып, пайдалануға берілмек.
Мәртөк ауылындағы өрт сөндіру депосы кешенінің құрылысы биылғы жылдың сәуір айында басталған болатын. «Бөбек құрылыс» ЖШС-гі құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Бұл нысан партияның Жол картасы бойынша биыл пайдалануға берілуі қажет. Сондықтан да комиссия мүшелері құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, уақытында аяқтауды ұсынды.
Ал аудан орталығындағы №3 жалпы орта білім беретін мектебінің спорт залының құрылысы үш жылға созылып келеді. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Дегенмен, партиялық бақылау комиссиясы спорт залдың едені, есіктері және спорттық құрал-жабдықтардың орнатылуына қатысты біраз кемшіліктерді байқап, назарға алды.
-Бұл жерде спорттық жарыстар өткізуге болмайды. Өйткені баскетбол қалқаны стандартқа сай емес. Едендердің сапасы сын көтермейді, жылу батареялары дұрыс қоршалмаған. Жобалаушыларға сұрақтарымыз көп, – деді партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Сергей Вишняк.