Мәртөкте жаңа мектеп ашылды

«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын орындау бағытындағы Мәртөк ауданының Жол картасы аясында Сарыжар ауылындағы «Жайлы мектеп» бағдарламасымен салынған 300 орындық жаңа білім ордасының есігі айқара ашылды.
Заманауи талаптарға сай салынған жаңа мектепте 18 сынып-комплект құрылып, алғашқы оқу жылында 300-ге жуық оқушы білім алуды бастады. Оқушыларға сапалы білім беру ісіне 34 білікті педагог жұмылдырылған.
Білім ордасы оқу-тәрбие үдерісін толыққанды ұйымдастыруға барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілген. Мектепте физика, биология, химия, информатика кабинеттері, STEM зертханасы мен робототехника сыныптары ашылып, оқушылардың ғылыми-техникалық бағытқа қызығушылығын арттыруға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар музыка, хореография, АӘТД кабинеттері, тігін және технология шеберханалары жұмыс істейді.
Оқушылардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау мақсатында үлкен спорт залы, спорт алаңдары қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, 80 орындық асхана, 84 орындық мәжіліс залы бар. Ал мектеп кітапханасының қоры 4000-нан астам кітаппен қамтылған.