Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздік күнімен құттықтауы

Құрметті отандастар!

Сіздерді Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!

Бұл – халқымыздың азаттық туралы арманы ақиқатқа айналып, елдік дәстүрлеріміз жаңғырған күн. Осы мерейлі мерекеде бәріміз бабалар аманатына әрдайым адал болудың және ұлт болашағына зор жауапкершілікпен қараудың мән-маңызын терең түсінеміз. Себебі тәу етер Тәуелсіздігіміз – баршаға ортақ құндылық әрі барлық игілігіміздің бастауында тұрған баға жетпес байлық. Тәуелсіздігімізден биік еш нәрсе жоқ. Оны көздің қарашығындай қорғау – әр азаматтың перзенттік парызы.

Бүгінде Қазақстан халықаралық деңгейдегі абырой-беделі жоғары, стратегиялық бағдары айқын мемлекет ретінде болашаққа нық сеніммен қадам басып келеді. Халқымыз бұған еселі еңбек пен ырысты ынтымақтың арқасында қол жеткізді. Біз осы берекелі бірлігімізді, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтай отырып, қиындықтың бәрінен сүрінбей өтеміз. Тәуелсіз еліміз өркениетті, озық мемлекет ретінде дами береді.

Баршаңызға зор денсаулық, мол табыс тілеймін!
Қастерлі Отанымыз өсіп-өркендей берсін!

t.me/aqorda_resmi