Мерейлі Мәртөктегі ұлттар достығы

Бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті — бұл әр күн сайын біздің қасиетті жеріміздің өсіп-өркендеуіне өзінің жаны мен жүрегін салып жүрген барлық 20 миллион қазақстандықтың жанды шығармашылығы. Бізде әр этнос басқа этностардың өрнектерімен үйлестіре отырып, өз өмірінің өрнегін құрып келеді.
1935 жылдың 31 қаңтарында Қаз ССР Жоғарғы Кеңесі өңірімізде Мәртөк және Новоресей аудандарын құру туралы қаулы шығарады. Бүгінде тоқсан жылға жуық тарихы бар Мәртөк ауданы өзінің қалыптасу кезеңінде үлкен жолды жүріп өтіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Ауылдағы ірі мекемелердің барлығы дерлік көпұлтты. Соның ішінде, 20-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілі бір атаның баласындай тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Біздегі барша халық әр мерекені бір атаның баласындай ауызбіршілікпен өткізуге дағдыланған. Тың игерушілердің бірқатары Кеңес Одағы ыдыраған соң тарихи Отанына қайтып кетті. Алайда, осында қалып, туған жеріне ту тіккен олардың ұрпағы әлі күнге ауданымызды мекен етуде.
Жалпы, бүгінгі мәлімет бойынша аудандағы ұлттар саны — 23. Олар: қазақ, орыс, украин, татар, неміс, белорус, молдаван, шешен, кәріс, азербайжан, башқұр, болгар, өзбек, армян, мордва, марий, чуваш, поляк, ұйғыр, қарақалпақ, моңғол, тәжік, удмурт.
Ауданымызда этносаралық достықты нығайту, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарын насихаттау мақсатында көптеген іс-шаралар өткізіліп тұрады. Осындай шаралардың нәтижесінде ауданымыздағы этностар бірін-бірі бұрынғыдан да тереңірек танып, татулықтың тұнығына қаныға түседі.
Қазақ халқын достықтың киелі шаңырағына теңесек, түрлі этностар оның алтын арайлы уықтары іспетті. Көңілі жомарт, пейілі кең жұртымыз көптеген ұлт пен ұлысты ұйыстыра білді. Бір шаңырақ астында достық жырын әуелеткен көпұлтты халқымыздың әрдайым бірлігі бекем, ынтымағы берік болсын!