Министр ҰБТ-ға қатысты мәлімдеме жасады
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысты өзінің Telegram арнасында мәлімдеме жасады
«Сіздер үшін ҰБТ-2024 өзгеріссіз қалатындығын қуана хабарлаймын. Тестілеуде сіздер тек екі пән тапсырасыздар: Қазақстан тарихы (20 тапсырма, шекті балл – 5) және Оқу сауаттылығы (10 тапсырма, шекті балл – 3). Тапсырмаларды орындау уақыты – 70 минут. Ал шығармашылық емтихандар жоғары оқу орындарында өтеді», деп жазды министр.
Бұл шешім талапкерлердің қалауы мен бейінді ведомстволардың сараптамалық пікірі негізінде қабылданды.
«Өткен жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен грант тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігін ресми түрде бекіткенін еске саламын. Егер ақылы негізде түсу үшін ҰБТ тапсырудың тағы үш мүмкіндігі (қаңтар, наурыз, тамыз) бар екенін ескеретін болсақ, онда 2024 жылғы талапкерлер тестілеуден бес рет өте алады», деп түсіндірді С.Нұрбек.