Оқу орталығында мереке тойланды

Жыл сайын қазақ халқының салт-дәстүрін ұлықтап, жаңа жылды қарсы алатын Наурыз мейрамын 18 наурыз күні аудан орталығындағы «Нұрдәулет» оқу орталығы да атап өтті. Ұлттық тағамдардан мерекелік дастархан жайып, наурыз көжеден дәм татып, қазақтың салт-дәстүрлерінен көрініс көрсетті.
Әрбір қазақстандықтың жыл сайын асыға күтетін мейрамдарының бірі — әз-Наурыз мерекесі. Қыраулы қыс кетіп, ағаштар жасыл жапыраққа оранып, жер көктейтін кезеңдегі жақсылықтың, жылулықтың символы болған Наурыз мейрамы оқу орталығында жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Барлық оқушылар белсенді қатысып, ұлттық киімдерін киіп келді.
Бұрыннан жеткен ұлттық спорттық ойындар ойналып, наурыз көже пісірілді. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында қыз балалар ұршық үйірсе, ұл балалар асық атудан өзара сынға түсті.
Іс-шарада балалар өздерінің өнерлерін ортаға салып, мерекелік көңіл күй сыйлады.