Ұлттық салт-дәстүріміз дәріптелді

Наурыз шығыс елдері үшін — бірліктің, татулықтың, көктемнің, ізгіліктің, мерекесі болып саналады. Бұл күні жақсы тілек тілеу, кешірім жасау сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алады.

Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан-белгілері мен таным-ұғымдарының үлгі түрлері өте көп. Оның бәрі әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелілікке, бауырмалдыққа, көрегенділікке, ізеттілік пен мейірім-шапағатқа баурайды.
Осы орайда, Наурыз мейрамын тойлау күндеріне арналған жоспарға сәйкес «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» қарсаңында қазақ аналары «Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Мәртөк аудандық филиалының аналары аудандық Мәдениет үйімен бірлесіп «Бауыраяқ» салт-дәстүрін сахнада көрсетті.
«Бауыраяқ» дегеніміз сәби дүниеге келгеннен кейін 8-9 айлық болып, еңбектей бастағанда, бауырын тез көтеріп аяғын нық басып тез жүріп кетсін деп, тәтті толы табақты баланың бауырынан 7 рет айналдырып сәбиге тәттіден дәм таттырып үлкендерге шашу шашып батасын алған.
«Бауыраяқ» салтын Сәлима әжеміз жасап, Жақұт әжеміз сәбиге батасын берді. Ал, Меңсұлу анамыз шашу шашса, Мәдениет үйінің әншілері өнерлерін көрсетті.
«Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды» дегендей кейінгі ұрпақ осы дәстүрді білгендері жөн.