Партия мүшелерімен кездесу

Бүгін «AMANAT» партиясының Мәртөк аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ануар Искарин мен Мәртөк аудандық мәслихатының төрағасы Талғат Көлкебаев «Сарыжар» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесті. Шараның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін түсіндіру, ел дамуы жолында партияның атқарып жатқан жұмыстарын талқылау болды.
Кездесу барысында атқарушы хатшы партия мүшелеріне Мемлекет басшысының кезекті Жолдауын жан-жақты түсіндіріп, оның әр бағытының ел өміріне тигізер оң әсеріне тоқталды. Атап айтқанда, экономикалық өсімді қамтамасыз ету, әлеуметтік саланы жетілдіру, шағын және орта бизнесті қолдау, ауылдық жерлердің инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі бастамалар кеңінен айтылды. Сонымен қатар, еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын сақтау жолындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтары да ерекше атап өтілді.
Ануар Искарин өз сөзінде Президенттің елді жаңғыртуға бағытталған саясатын халыққа түсіндіруде партия мүшелерінің белсенділігі аса маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, әрбір партия мүшесі өз ауылында және ұжымында жұртшылықпен ашық диалог жүргізіп, халықтың ұсыныс-пікірін билікке жеткізуде дәнекер бола білуі қажет. Осы арқылы тұрғындардың сенімін арттырып, қоғамның даму қарқынын күшейтуге үлес қосуға болады.
Талғат Көлкебаев та өз кезегінде мәслихат пен партияның тығыз байланысын сөз етіп, жергілікті деңгейде шешімін табуы тиіс мәселелерді бірлесе талқылау қажеттігін атап өтті. Ол тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру үшін жол, су, жарық мәселесін шешу, ауыл шаруашылығын қолдау және жастарды жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Кездесу соңында қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Партия өкілдері әрбір ұсынысты назарға алып, алдағы жоспарға енгізуге уәде берді.