Президент: Мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйледі.

– Бүгін елімізде – Полиция күні және Мемлекеттік қызметші күні аталып өтуде. Сондықтан, алдымен, еліміздегі полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мейрамдарымен құттықтаймын.

Мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет. Сіздер заң мен тәртіпті сақтауға және азаматтардың құқығын қорғауға зор үлес қосып жүрсіздер.

Қазір дүние жүзі алмағайып, бұлыңғыр, яғни, өте күрделі кезеңді бастан өткеруде. Осындай құбылмалы уақытта қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – айрықша маңызды міндет.

Сол себепті, бүгін біз алғаш рет осындай құраммен жиналып отырмыз. Құқық қорғау жүйесіндегі барлық жауапты құрылымдар жұмыла жұмыс істеуі қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, елімізде «Заң мен тәртіптің» қатаң сақталуына қоғам өкілдерінің қосар үлесі де орасан зор.

– Қазір осы жиынға орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары, депутаттар, сарапшылар және белсенді азаматтар қатысып отыр.

Күштік құрылымдарды жаңғырту ісінде жаңа буынның атқаратын рөлі ерекше. Сол себепті, бүгінгі басқосуға академиялардың курсанттары да арнайы шақырылды.

Трансұлттық қылмыстық топтармен күресу үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту өте маңызды. Осы жерде бүгін шетелдік полиция атташелері отыр. Құқық қорғау органдарымен жүргізіп жатқан халықаралық ынтымақтастық жұмысы үшін Сіздерге ерекше ризашылығымды білдіремін, – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.

Ол соңғы жылдары елімізде барлық салада ауқымды реформалар жасалып жатқанын атап өтті. Мемлекеттің саяси жүйесі мен экономикалық құрылымы түбегейлі жаңғыруда. Ел ішінде жоғары құқықтық мәдениет қалыптасып келеді. Азаматтық жауапкершілік идеологиясы берік орныға бастады. Бұл – біздің стратегиялық бағдарымызға тән аса маңызды басымдық.

– Мемлекет құқық қорғау жүйесін жетілдіруге және барлық салада заң мен тәртіп орнатуға баса мән береді. Осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткіздік.

2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылық саны шамамен екі есе азайды. Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмендеді, ал кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 30 пайызға кеміді. Қоғамдық орындардағы қылмыс саны 80 пайызға азайды. Бұл – азаматтарымыз көшеде ештеңеден қауіптенбей, алаңсыз жүре алады деген сөз, – деді Президент.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы «Эгмонт» қаржылық барлау бөлімшелері тобының төрағасы Эльжбета Франков-Яскевичті қабылдады.

https://kaz.inform.kz/news/prezident-memleketke-kizmet-etu-en-kurmett-ar-asa-zhauapti-mndet-346ff5/