Президент Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі құжатты ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Түркі елдерінің рухани және мәдени құндылықтары назардан тыс қалдырмауы қажет. Бұл туралы бүгін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

– Жасанды интеллект пен озық технология дәуірінде рухани және мәдени құндылықтарды назардан тыс қалдырмау қажет. Түркі өркениетінің мол мұрасын сақтау және оны зерделеу – тарихи жадыны жаңғырту мәселесі ғана емес. Бұл – біздің бірігей болмысымызды, бірлігімізді және ынтымақтастығымызды көрсететін маңызды фактор. Осы орайда мен Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенция жобасын пысықтау туралы ұсынысты қолдауға шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бұл құжат түркі халықтарының тарихи, мәдени мұрасын сақтау және дәріптеу ісіне құқықтық негіз болады, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның осы саладағы қызмет аясын кеңейте түсуге ықпал етеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Бүгін Түркістан қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті басталды. Саммитке ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары – Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев келді.

Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арналған жиын Қазақстанның төрағалығымен ұйымдастырылып отыр.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылдады.

https://kaz.inform.kz/news/prezident-turk-orkenietnn-murasin-saktau-zhonndeg-kuzhatti-usindi-a2b315f1