Сайыс алаңында — дәрігерлер

7 мамыр — Отан қорғаушылар күні мерекесін жылдағы дәстүрінен жаңылмай ауданның орталық ауруханасы да жоғары деңгейде атап өтті. Өткен сенбіде мерекеге орай аурухананың ер қызметкерлері арасында «Ұранды елдің — ұрпағы қайсар» атты әскери-патриоттық сайыс ұйымдастырылды.

Аурухана кәсіподағының ұйымдастыруымен өткен шарада ақ халатты абзал жандар әскери киім киіп, өз өнерлерін ортаға салды. Әсем әннен шашу шашып, күмбірлете күй тартты. Осылайша, аурухана бөлімшелерінің қызметкерлері мерекеге бір кісідей дайындалып, бірлігінің мықты екенін тағы бір дәлелдеді.
Алдымен бас дәрігердің орынбасары Рафига Джамалова ұжымдағы барлық ер азаматтарды мерекелерімен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайыс «Таныстыру», «Автоматты бөлшектеу және жинау», «Көздеп ату», «Суретті есте сақтап салу», «Мақалды жалғастыру» және «Музыкалық нөмір» турларынан тұрды.
Аурухананың әр бөлімінен құралған «Абзал жандар», «Қыран», және «Арлан» командалары өзара сайысқа түсіп, бақ сынасты.
Қазылар алқасының шешімімен барлық сыннан сүрінбей өтіп, көпшіліктің ықыласына бөленген «Қыран» командасы жүзден жүйрік болып, жеңімпаз атанды. Екінші орынға «Абзал жандар» лайық деп танылса, жүлделі үшінші орын «Арлан» тобына бұйырды. Командалар Алғыс хаттармен, естелік сыйлықтармен марапатталды.
Шара барысында аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әуендерден шашу шашты. Ұжым қызметкерлері тартысқа толы сайысқа куә болды.
Кеш соңында кәсіподақ ұйымының төрайымы Ұлболсын Сапарова құттықтау сөз сөйлеп, мерекелік кешті ұйымдастыруда ат салысқан әріптестеріне ризашылығын айтып, ұжымдас ер азаматтарды мерекемен құттықтады.