Аңыз адам

Бердиев Омарбек Мамырұлы туралы, оның даңқы туралы әлі де талай-талай естеліктер айтылары анық. 7 мамыр күні Ақтөбе қаласында кезең-кезеңімен өткізілген іс-шарада сөз алған көзін көрген қызметтестері, артынан ерген жас мамандар аңыз адамның қайталанбас мінезі мен табандылығы, әділдігіне бас иетіндерін паш етті.

Ұлы Отан соғысының және Қазақстан Республикасының құқық қорғау саласының ардагері Бердиев Омарбек Мамырұлының 100 жыл толуына Ақтөбе облыстық сот ғимараты алдында ескерткіш тақта алдында еске алу митингі өткізілді. Ақтөбе облыстық сотының қолдауымен өткізілген шараға сот жүйесінің ардагерлері, жас буын мамандары, О.Бердиев ұлы Кәрімжан Омарбекұлы, отбасы, туыстары, Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары А.Айтмағамбетов, Мәртөк аудандық музей қызметкерлері қатысты. Алғашқы сөз алған сот жүйесінің ардагері, қызметтес әріптесі болған Жүсіпов Кеңес Райханұлы: “қызметтес болған кезеңіндегі өткір мінезі, тынымды еңбегімен танылған жан екеніне тәнтімін, көршілес ауданда қызметтес болып, бір – біріміздің ісімізді қараған кезде үнемі О.Бердиевтің істері тыңғылықты болатын, әділдікті алғашқы орынға қойған азамат еді» — деп атап өтті.
Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істері жөніндегі сот алқасының төрағасы Ә.Ахметов 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр Жеңіс мерекесі қарсаңында сот жүйесінің ардагері О.Бердиев 100 жыл толуына орай құттықтауын жеткізіп, «Ер есімі — ел есінде» мемориалдық тақта алдында еске алу митингін өткізу дәстүрге айналған шара екенін жеткізді. Еске алу шарасына отставкадағы судьялар Б.Тайгужиев, Р.Кустанова, К.Жусупов, Д.Абдуали, З.Ургенишбаева, С.Барышев және Облыстық сот, судьялар одағының Ақтөбе филиалының төрағасы Ормаханов Нұрлыбек, қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Балмұханов Айсұлтан қатысты. Бірнеше сот жүйесінің ардагерлері естеліктерімен бөлісіп, Кәрімжан Омарбекұлы қолдап келген сот жүйесінің ардагерлері, мамандарына алғысын білдірді. Еске алу митингі гүл шоқтарын қою рәсімімен қорытындыланды.
Іс — шара Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде Мәртөк аудандық музейінің директоры Ұ.Осанованың ұйымдастырумен «Әділдікті ту еткен жарқын бейне» тақырыбындағы дөңгелек үстелге жалғасты. «Омарбек Мамырұлы» өмірбаяндық бейнежазбасы көрсетіліп, кеш қонақтарына таныстырылды. Алғашқы сөз алған Мәртөк аудандық сотының бұрынғы төрағасы 1982 – 1994 жылдар аралығында Мұғалжар және Мәртөк ауданы бойынша сот төрағасы, сот жүйесінің ардагері Барышев Серажатдин Жолдыбайұлы: «Омарбек ағаны қан майданды кешіп өткен соғыс ардагері, ісі мен сөзі де өтімді, хрустальдай таза адам еді» — деп еске алды. Әкесі Жолдыбай Мәртөк ауданы, Жайсаң ауылында учаскелік милиция болғанын, Омарбек Мамырұлы менен гөрі әкемді таныды. Біз артынан ерген жас буын едік, ақылын айтып, жол сілтейтін. Еске алып отыратын қызықты оқиғалары да жетерлік» — деп еске алды. Мәртөк ауданының әкімінің орынбасары Аслан Айтмағамбетов, Омарбек Мамырұлының келер жас буынға қайталанбас тұлға ретінде үлгі екенін айта келе, ұлы Бердиев Кәрімжан ағайдың Мәртөк ауданының статистика саласына сіңірген еңбегімен танылғанын жеткізді.
Алматы қаласында тұратын Омарбек Мамырұлының қарындасы Майданкүл апаның бейнежазба арқылы жолдаған, естеліктері мен құттықтауы көпшілікке көрсетілді. Алматы қаласынан жиені Таласов Еркебұлан Төлебекұлы және Түркістан облысынан Омарбек Мамырұлының бауыры Бердиев Әлмахан Абдрахманұлы, құдашасы, еңбек ардагері Қалекенова Базаргүл Әлиқызы естеліктерімен бөлісті.
«Ерлік пен еңбек жолы» фотокөрмесі қойылып, «Қазақстан — Ақтөбе» телеарнасы шара барысын түсіріп, сұхбат берілді. Омарбек Мамырұлы туралы айтылған естеліктер, жылы лебіздер, еңбек жолы аңыз адамның ақиқатын аша түсті. Ұрпақтарының ұйымдастырумен өткен еске алу асына жиналған 100-ге жуық әріптестері, туыстары, көз көргендер Мәртөк көшесінің сәні болған, «Буденный» деген лақап аты бар атамыз туралы ыстық естеліктерімен бөлісіп жатты.