ТАҒАМНАН УЛАНУ ЖӘНЕ ЖІТІ ІШЕК АУРУЛАРЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ

Тағамдық улану   және   жіті ішек  аурулары —  бактериялармен, вирустармен немесе уыттармен залалданған өнімдерді тұтынғанда пайда болады. Көпшілік жағдайда тағамдық улануды келесі бактериялар туындатады: алтын түсті стафилококк (Staphylococcus aureus) және ішек таяқшасы (Escherichia coli).

Ересектер де, балалар да ауырады, 1-ден 7 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады. Ауру көзі – ауру адам, бактерия тасымалдаушы (адам ағзасында аурудың қоздырғыштары бар, бірақ клиникасы көрінбейді).

Берілу жолдары: тағам арқылы (ластанған тағам және су) және тұрмыстық қатынас арқылы (ластанған қол және заттар (ойыншықтар).

ЖІА аурушаңдығының балалар арасында тіркелуінің негізгі себептері тамақтандыру ережесінің, жеке бас гигиенасы және тамақтану тәртібінің  бұзылуы. Жіті ішек инфекциялары мен тағамнан уланулар азық-түлік өнімдерін дұрыс сақтамағанда және дұрыс пісірмеген жағдайларда, патогенді микроорганизмдермен залалданған тағам өнімдерін пайдаланғанда пайда болуы мүмкін. Соның ішінде, бірінші орында бұл сүт және кондитер өнімдеріне, жұмыртқаға, құс етінің өнімдері мен жемістерге тиісті. Сонымен бірге тамаққа термиялық өңдеусіз қолданылатын азық- түліктер қауіп төндіреді. Ондай тағамдарда микроорганизмдер ұзақ сақталып қана қоймай, сонымен қатар жақсы көбейеді.

Жіті ішек инфекциялары мен тағамнан улану  жағдайларын болдырмау  үшін  тамақтану  гигиенасының қарапайым ережелерін  ұстану қажет:

-жеке бас гигиенасын ұстану, қолды жиі- жиі жуып тұру, әсіресе- қоғамдық орындардан келген соң, көлік және әжетханадан кейін;

— ас үйі ыдыстарын, плита, үстелдер беті мен раковина, жабдықтарды арнайы тазартқыш заттармен жуу және тазалықта ұстау;

-тамаққа қолданылатын азық-түліктер жаңа болуы қажет, немесе тағамдардың тобына байланысты өңдеу және сақтау ережелері дұрыс сақталған болуы керек;

-тағамды беті ашық күйінде, еденде сақтамау керек;

-тоңазытқышта азық- түліктерді сақтағанда сақтау мерзімдерін ескеру қажет, микроорганизмдердің көбеюіне жақсы орта болып табылатын, сүт және кондитер өнімдеріне ерекше көңіл бөлу;

-табиғи көздердің (көл, өзен, құдық, скважина және т.б.) суларын қайнатпай ішуге болмайды.

-көкөністер мен жеміс-жидектерді тұтынар алдында жақсылап жуу керек, оларды сатып алғанда жуылмаған күйінде дәмін татып көрмеу;

-сатып алар кезде тағамнын сақтау мерзіміне, орамының бүтінділігіне, сыртқы түрі мен орамына, сақтау және сату жағдайларына көңіл аудару қажет;

-көшеде кез-келген жерде, әсіресе ыстық күндері, қолдан дайын тағамдарды тұтына салудан абай болыңыз, олардың қандай жағдайларда, қашан, кімнің, қалай дайындағаны, қалай сақтағаны белгісіз болғандықтан, сапасына да ешкім кепілдік бере алмайды;

Гигиеналық ережелер қарапайым, бірақ нәтижелі, оларды ұстану арқасында әр адам ішек инфекцияларынан қорғанып, олардың таралуына бөгет бола алады. Аурудың емін  іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуді естен шығармағаныңыз жөн!

Мәртөк аудандық 

санитариялық-эпидемиологиялық

 бақылау  басқармасы