«TAРЫ-FEST» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЭТНОФЕСТИВАЛІ

Этнофестиваль Ұлы Жібек жолындағы ең ірі – 10 сауда жәрмеңкесінің біріне айналған Көкжар жәрмеңкесі, сондай-ақ, биылғы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 75-сессиясында жарияланған «Халықаралық тары жылы» аясында ұйымдастырылған.

Облысымыздың 11 ауданы, Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы, Атырау облысының Қызылқоға ауданынан келген қатысушылар ат салысты.

Мәртөк ауданынан  Мәртөк аудандық музейі  мен «Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестік аналары белсенді ат салысты.

«Тары- FEST» байқауының шарттары: Тары қуыру байқауы; Тары келі-келсаппен түю және ұшыру; Диірменшілер байқауы; Тарыдан жасалатын өнімдер байқауы; Кимешектер шеруі; Қолөнер шеберлерінің көрмесі;

Басты назарда тарыны қуыру, түю және ұшыруға мән берілгендіктен Кеңсахара ауылының тұрғыны Күләш Жұмағалиева тары қуыру шеберлігінен сынға түсті.  Қимылы ширақ қатысушымыз тарыны тазалап, отты жағып суды бұрқырата қайнатып іске кірісті. «Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шара Бекназарова мен бірлестіктің мүшесі Әдемі Алдажарова екі жақтан көмектесіп, бір жағынан кимешек шеруі мен диірменшілер шеруі ортасында зыр жүгірді. Арнайы Жайсаң ауылынан жұмыс жасап тұрған диірмендерін берген Сақыпжамал Туралиева мен Несібелі Елекова. Сайыстың тағы бір шарты әр аудан бірдей түсте киініп көзге түсу. Мәртөк ауданы таңдаған түсі сұры түс болды. Киімдерді талғаммен таңдауда Мәдениет үйі қызметкері Шынар Әлиқызын атап өту қажет.

Мәртөк ауданы көрмесіне кестелі өрнегімен ерекше шебер Хабзай Қазынабай бұйымдары мен ағаштан жону өнерімен қолөнер шебері Еділбай Уразымбетов заттары қойылды. Көрменің әр бұйымын қалт жібермей аяққа тік тұрып таныстырған желтоқсан ардагері Сәлима Алдабергенова ерекшеліктеріне тоқталып, көрермендердің қызығушылығын оятып кимешек киген әжеміз өзіне тарта білді.

Бір мезетте бірнеше қызметті қатар атқарған ардақты аналар  67 жастағы Сален Набешева — «Дәстүрге жол» ҚБ мүшесі және Әдемі Алдажарова диірменшілер шеруі қатарынан табылса, жастары 60-ты алқымдаған желтоқсан ардагерлері Шара Смағұлқызы мен Салима Алдабергенқызы «Кимешек шеруінде» сән үлгісін көрсетіп ерекше өрнектелген кимешегімен көзге түсті.

Музей басшысы Ұлдай Төрәліқызы аналарды ұйымдастырып зыр жүгіріп тарыдан жасалатын тағамдардан шеберлік сағатын көрсетіп, тұрғындарға ұсынып ризашылығын алды. Мәртөк ауданына қойылған талап бойынша сазан балығынан және тары, ашқылтым қияр, түрлі дәмдеудеуіштерді қосып аскөкпен әсемдейтін «Қышқылтым көже» және «Езілген құртқа жібітілген тары», дәстүрмен байланысты «Құйрық ботқа» дайындау қойылған. Тағам түрлерін таныстырып, мөлшерін және салт – дәстүрмен байланысын  жеткізу шеберлікті қажет етеді.

Жаңбырдың себелегені мен тоңғанына қарамастан шағын ғана 6 адам қатысқан Мәртөк ауданы аналары алыспай, беріспейтін қайсарлығымен көзге түсті. Әр ауданда  бір ошақтың басында  ерлері мен әйелдері қатысқан  5 адамнан құралған команда қызмет етіп, дастарқан дайындап ән шырқап жатты. Ал диірменшілер сайысы , ән өнері, кимешек шеруі  «Этно-fashion» көрсетілімі есептегенде жалпы 18- 20 адам  ат салысқан.

Аудандардың ауызбіршілігіне қарап, тамсанған Сәлен апамыз осындай сайыстарда жастарымыз қалмай, үлкендерден өнеге алса деген тілегін білдірді. Шараның салтанатты ашылуына қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров әр ошақтың басына барып түйілген дайын тарыдан дәм татты. Мәртөк ауданы қуырған тары ерекшеленіп, салып беруін өтінген.

«TAРЫ-FEST» республикалық  этнофестивалінің негізгі мақсаты өнімді насихаттау. Сыртқы  және ішкі туризмді дамыту;

Даңқты диқан, тарыдан мол өнім алып дүние жүзіне теңдесі жоқ рекордпен атағы шыққан, ауылшаруашылығына жаңалық енгізген, көрнекті қайраткер Шығанақ Берсиевтің ерен еңбегін насихаттау;

Ақтөбенің брендіне айналған «Ойылдың ақ тарысы» арқылы ауылшаруашылығы мен өндірісті дәріптейтін инновациялық жобаға жол ашу; «Ауыл аманаты» бағдарламасын насихаттау.

«Ұлы Жібек жолында жаңғырған «Көкжар жәрмеңкесі» аясындағы «TAРЫ-FEST» республикалық  этнофестиваліне қатысқаны үшін «Мәртөк ауданы»   командасына   облыс әкімі орынбасары Б.Елеусінованың атынан «Алғыс хат», «Диплом» мен 200 000 теңгенің «сертификаты» табысталды.

Республикалық этнофестиваліне қатысқан әр қатысушының бойында еліне, жеріне, салт-дәстүрге деген патриоттық сезімі болуы керек. Уақытқа қарамай, ешкіммен санаспай халқыңа қалтықсыз қызмет етсең абыройлы боласын.  Келешек ұрпаққа не берсек ұтамыз, жастар бізден үлгі алса деген үмітпен денсаулыққа қарамастан шауып жүрген аналар. Ендігі кезекте келер буыннан  осындай патриоттық рухты талап ету үшін, өзіміздің бар білгенімізді үйрету.

Ұлдай ОСАНОВА,

аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры.