БҰЛАҚ КӨРСЕҢ, КӨЗІН АШ!

Қазақ қашанда елін, жерін қастерлеп, аялай білген халық. Жер ананың бойындағы небір кереметтерді игілігіне жаратып қана қоймай, кие тұтқан. Оларды қорғап, көбейтіп, сақтап ұрпағына мұра еткен. Не нәрсе болса да ысырапшылыққа жол бермеген. Табиғаттың бізге берген сыйын кие тұтқан. Жер ананың қойнауынан шыққан байлықтың бірі — су. Су барлық тіршілік иесінің негізі. Онысыз өмір жоқ. Ал осы қара судың рахатын көрумен қатар, ысырап етпеу әр адамзаттың жеке парызы.

«Бұлақ көрсең, көзін аш!» деген халқымның дана сөзі бар. Бүгінде атадан қалған осы нақыл сөз орнымен іске асырылғанын сөз еткім келеді. Ауданымыздың шалғай ауылдарының бірі 13 жылдық Қазақстан ауылының халқы бірігіп ауылдың үш бірдей бұлағын тазартып, жаңа дөңгелек салып, айналасын қоршады.

Игі істі атқаруда бас болып ерікті түрде ат салысқан: Утаргалиев Қобылан, Кулькашев Аманқұл, Длимов Әмірғали, Кулькашева Жаңылсын, Кулькашева Үміт, Бикмугамбетов Қилыбай ағаларымыз бен апаларымызға халықтың атынан алғысымызды білдіреміз.

Кезінде Қуандық орта мектебінде ұстаз болған марқұм Утаргалиева Райса апайымыз, бүгінде Ақтөбе қаласында тұратын зейнеткер Кунанова Балдай апайымыз кішкентай ғана ауылдың балаларын біліммен сусындатып, оларға білім көзін ашса, сол ұлағатты ұстаздардан тәлім-тәрбие алған ұрпақ, бүгінде жоғарыда аталған игі шараны ұйымдастырып, тіршілік көзін ашты. Бұл ұрпақтан ұрпаққа берілетін тәрбиенің жоғары нәтижесі деп білемін.

Бұл — бүгінгі жастарға, жас жеткіншектерге үлгі, өнеге. Бүгінгі ұрпақ — ертеңгі елдің болашағы.

Жылу, жер, су — тірлік бастауы болса, білім, тәрбие — игі істердің бастауы. «Бірлік бар жерде — тірлік бар» деген осы. Тірлік көзі ашылып, өмір көші тоқтамасын, ағайын!

Ауыл тұрғындарының атынан

Гүлмира (Башанова) Жаулбаева.