Тасқынмен күрескендерге құрмет көрсетілді

Ауданымызда су тасқынының қаупі сейіліп, бірнеше уақыт бойы бойын үрей билеген елдің көңілі орнына түсті. Қазір ауданымызда бүлінген мүлікті қалпына келтіру, жәрдемақы мен өтемақы төлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Отан қорғаушылар күні қарсаңында тосыннан төнген қатерге қарсы күреске күш біріктірген бейбіт күннің қаһармандары марапатталды.

Аудан орталығында 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні мерекесі бұрынғыдан өзгеше аталып өтті. Онда көктемгі су тасқынының алдын алуға атсалысқан бір топ мәртөктіктер мен мекеме ұжымдары марапатталды. Мерекелік шарада өрт сөндірушілер, құтқарушылар, полиция қызметкерлері, еріктілер, кәсіпкерлер мен медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиында аудан әкімі Медет Ысқақов барлық қатысушыларды мерекемен құттықтап, су тасқыны кезінде атсалысқан тұрғындарға алғысын жеткізді.
— Биылғы көктем еліміз үшін оңай болған жоқ. Еліміздің көптеген жерлерінде су тасқыны болды. Қыр сулары еріп, өзен сулары арналарынан асты. Біз ауданымызды тұрғындар, еріктілер болып жұдырықтай жұмылып аман алып қалдық. Өкінішке орай, суға кеткен үйлер де бар. 28 үй суға кетсе, оның ішінде 4 үй жарамсыз болып табылды. Оларға бүгінгі тілсіз жауаға орай жәрдемақы мен өтемақы төлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ардақты азаматтар, Сіздерді егеменді еліміздің айбынды мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Осы қиын кезеңде бірлесе жасаған қызметтеріңізге шексіз алғыс білдіремін. Алдағы уақытта да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе жұмыс жасауға шақырамын, — деді аудан басшысы.
Құттықтау сөзінен соң көктемгі су тасқынының бетін қайтаруға белсене үлес қосқан, ортақ іске жұмылған Орынғали Қонысбай, Әлімжан Серікпаев, Бақытжан Ботбаев, Жұмабек Асанов, Мәдениет Қуатбаев, Аймұрат Нұрұшев пен Нұркен Наурызбаевтарға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың атынан Алғыс хаттар табыс етті.
Сонымен қатар, аудан әкімі атынан да бірсыпыра жанашыр жандар, мекемелер мен жеке кәсіпкерлер Алғыс хаттармен марапатталды.
Мерекелік жиын соңында аудандық Мәдениет үйі өнерпаздары шағын концерт ұйымдастырып, жиылғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Көктемгі су тасқыны кезінде Мәртөк ауылы бойынша еріген қар суын айдау, арнасын бұру бойынша жұмыстар жүргізіліп, Саржансай ауылының төменгі бөлігіндегі Елек өзенінің 6,7 шақырым арнасы нығайтылған болатын. Халықтың бірлігінің арқасында су тасқынына қарсы күресте бірде-бір мәртөктік көмек пен назардан тыс қалмады. Біз барды бағалап, иыққа түскен жүкті бірге көтеріп келеміз. Ел басына күн туып, ер етікпен су кешкен небір заманда да шаңырағымыз шайқалған жоқ. Себебі — күшіміз бірлікте. Биылғы көктемнің сынағын да, жұрт болып жұмылып, ел болып еңсердік. Бұл — бірлескен істің нәтижесі, нағыз ерліктің көрінісі.
Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА.