Төлқұжатымыздың абырой-беделінің көтерілуі еліміздің ықпалы күшейе түскенін көрсетеді – Мемлекет басшысы

Көк паспортымыз ұлттық бірегейлігіміздің айқын нышанына айналды. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
– Көк паспортымыз ұлттық бірегейлігіміздің айқын нышанына айналды. Жыл өткен сайын төлқұжатымыздың абырой-беделі көтеріліп келеді. Бұл халықаралық қауымдастықтың бізге деген қызығушылығы артып, еліміздің ықпалы күшейе түскенін көрсетеді. Әр құрлықтағы түрлі мемлекеттің азаматтары тұрақты тұру немесе демалу үшін біздің елді жиі таңдайтын болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пайымынша, бұл – кездейсоқтық емес.
– Қазақстан беделді халықаралық рейтингтердегі қауіпсіздік индексі бойынша айналамыздағы көптеген мемлекеттердің бәрінің дерлік алдында тұр. Ал заң үстемдігі индексіндегі «Тәртіп пен қауіпсіздік» көрсеткіші бойынша, 142 елдің ішінен 43 орынға табан тіреді. Мұның бәрі Қазақстанды жайлы әрі өмір сүруге қауіпсіз аумаққа айналдыруға бағытталған күш-жігеріміздің нәтижесі. Қастерлі Отанымызды көркейту – баршаға ортақ парыз, – деді Президент.
Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІV сессиясы өтіп жатыр.