Ұлық мейрам, дүбірлі думан

Ұлыстың ұлы күніне орай №4 Мәртөк жалыпы білім беретін мектебінің оқушылары, ата-аналары мен ұстаздарына арналып іс-шара ұйымдастырылды.

Ырыс пен ынтымақтың, береке мен бірліктің жаршысына айналған Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын мектеп қабырғасында атап өтудегі басты мақсат салт-дәстүр, наурыз құндылықтарын дәріптеу. Сонымен қатар, ата-аналарды мектепке тарту, ата-ана, мектеп және оқушы үштігін нығайту.
Мектеп ауласына екі киіз үй тігіліп, қазан-ошақтар қойылды. Ұлыс күнін атап өтуге ата-аналар да белсенді үлес қосты. Күйіз үйлер ата-аналардың, соның ішінде жеке кәсіпкер Серік Тасмағанбетов пен Бостан Амантурлиевтың қолдауларымен тігілді. Мектеп директоры Бақытгүл Абдуллина барша дүйім жұртты көктемгі жаңару мерекесі Ұлыс күнімен құттықтап, баласының мектептегі өміріне, білім ордасына бей-жай қарамай үнемі қолдау білдіріп, демеу беретін отбасыларға өз алғысын білдірді.
Наурыз — Күн мен түн теңеліп, жер-ананың бауыры жіпсіп, тіршілік атаулының түлеген шағы. Бұл күні киіз үйлердің түрілген түндігінен Күн нұры төгіліп, іші думанға бөленді. Жыл молшылыққа толы болсын деген ниетпен ұлттық тағамдар дастарханға қойылды. Меймандарға 7 түрлі дәмнен дайындалған Ұлттық тағам – наурыз көже әзірленіп, сонымен қатар палау, ошаққа орнатылған қазандарда қыз-қыз қуырылған бауырсақ көпшілікке таратылды.
Ұлттық құндылықтарымызды насихаттай отырып, балаларды еңбекке баулу және рухани демалыс ұйымдастыру мақсатында атадан балаға мұра болып сақталған сонау ерте замандардан келе жатқан ұлттық жәдігерлеріміз оқушылар назарына ұсынылды. Іс-шара барысында оқушыларға өмір дағдысын үйрету мақсатында диірмен тарту, келі түю, жүн сабау, жүн түту, ұршық иіру насихатталды.
Қазақтың ұлттық ойындарының қоғамдық және әлеуметтік маңызы аса зор. Ұлттық ойындар қазақ халқының ежелгі мәдениеті мен өнерінің де ешкімнен кем болмағанын байқатады. Қазақ халқы ұлттық ойындарға бай халық. Ұлттық ойындар атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып жатыр. Ата-бабаларымыз ұлттық ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке бірлігі мен ынтымағын жарастырып отырған.
Ұлттық ойындарымызда халықтың өмір сүру әдісі, тұрмыс-тіршілігі, ұлттық дәстүрлері, батырлық-батылдық туралы түсінігі қамтылып, халықтың асыл мұрасын баланың бойына сіңіру қарастырылған. Сондай-ақ адалдық пен күштілікке ұмтылу, шыдамдылық, төзімділік, сабырлық секілді құндылықтарға мән берілу байқалады. Мұның бәрі — халық данышпандығының белгісі. Аталған шарада оқушыларға ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, әдет-ғұрыптарды қайта жаңғырту мақсатында ұлттық ойындар ойнатылды. Негізгі мақсат – ұлттық ойындарымызды қайта жаңғыртып, жастарды телефоннан алыстатып, қыймыл қозғалыс ойындарына тарту, достық қарым-қатынас, тығыз байланыс орнату. Атап айтқанда, балалық шақтағы қол күрес, арқан тартыс, асық ату секілді спорт ойындары ойнатылды. Оған оқушылармен қатар ата-аналар да қатысып, естелік сыйлықтармен марапатталды.
Мектеп жанындағы театрдың мүшелері ұлттық салт-дәстүрлерімізді насихаттауға бағытталған қазақ жастарының дәстүрлі сауықтарының бірі «Бастаңғы» мен «Селт еткізер» секілді салттарымыздан көрініс қойды. Салт-дәстүріміздің мән-мағынасы кеңінен түсіндірілді.
Жалпы, шараның мазмұны осындай рухани құндылықтарға бай. Мұның барлығын мұғалімдер мен ата-аналар, оқушылар өз күштерімен ұйымдастырған. Бұған қоса, оқушылар дайындаған концерт те қойылып, Наурыз туралы ән мен жыр төгілді.
Ақбілек УМАРОВА, ата-ана:
— Мүмкіндігіміз келгенше балалардың ұйымдастырған іс-шараларына қатысып тұрамыз. Әдемі қазақы киіз үйлер тігілді. Қазақы киімдегі әжелерімізді, балаларымызды көріп, қуанып жатырмыз. Көңіліміз марқайып қалды.
Ал, спорттық ойындар мереке көркін қыздыра түсті. Жиылғандар арқан тартудан, қол күресінен сайысты. Асық атып, өзара нағыз ептіні анықтады.