Университеттер мектептермен тығыз байланыста болуы керек!

Лаура ҚАРАБАСОВА,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Басқарма төрағасы — ректор, Ұлттық құрылтай мүшесі
Жоғары оқу орнының өкілі ретінде Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жыл сайын талапкерлермен де, олардың ата-аналарымен де тығыз жұмыс істейді. Ұлттық құрылтайда өз тәжірибеме байланысты жастардың мамандық таңдауы мәселесіне қатысты бірқатар ұсынысымды айттым.
Әлемде жастарға ерекше көңіл бөлетін, қамқорлық жасайтын, білімге инвестиция салатын елдер көп емес. Қазақстан — сондай елдің бірі.
Жоғары білім мен техникалық-кәсіптік білім алуға мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы да, ұсынылып отырған мүмкіндіктер де жеткілікті. Соған қарамастан,
біз экономикадағы мамандарға деген сұраныс пен түлектердің таңдауы арасындағы сәйкессіздіктерді көріп отырмыз, сондықтан біз университет өкілі ретінде үндемей отыра алмаймыз. Себебі ата-аналар да, түлектер де бізге келеді.
Бұл ретте мектептер кәсіби бағдарлау жұмысын жоғары оқу орындарымен бірлесе жүйелірек жүргізуі керек. Өйткені түлектер жыл сайын нарықта қандай мамандар сұраныста екенін білуі қажет. Мәселе тек мемлекеттік грант арқылы оқуға түсумен шектелмейді, ең бастысы, түлек ертең еңбек нарығында өз орнын таба ала ма, таңдаған мамандығы бойынша жұмысқа орналаса ала ма, еңбегі мен білімі ақтала ма — соны білуі керек.
Елімізде жыл сайын шамамен 200 мыңға жуық оқушы мектеп бітіретін болса, «Соның қаншасы ағылшын тілін жетік біледі?» деген сұрақ туындайды.Сондықтан бүгінгі таңда жақсы кампустардың мүмкіндігін пайдалану, заманауи техникалық мамандықтарға түсу үшін ағылшын тілін меңгерген және математика, физика, информатика пәндерін жақсы білетін түлектер керек. Сондықтан біз мектептерге арнайы барып, ағылшын тіліне бейімі бар, қабілеті жоғары оқушылармен ертерек, жүйелі жұмыс жүргізу керегін айтып жүрміз. Мұндай балаларды Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде сұранысқа ие мамандықтарды таңдауға бағыт-бағдар берсе деген ұсыныс айттым.
Біз университет тарапынан мектептерге жиі барып, талапкерлерге түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Алайда бұл көбіне университеттің жарнамасы сияқты қабылдануы мүмкін. Егер осы процеске мектептер, ата-аналар, білім басқармалары және құзырлы министрлік белсенді түрде қосылып, еңбек нарығындағы өзгерістер туралы университеттермен бірлесе отырып толық әрі жүйелі ақпарат берсе, түлектердің дұрыс таңдау жасауына үлкен көмегі тиер еді. Сонда біздің талапкерлеріміз бірінші таңдау жасаудан қателеспейтін еді және мемлекеттің беріп отырған мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алады.
Қазір талапкерлер арасында ақпараттық технологиялар, компьютерлік инженерия сияқты техникалық мамандықтарға қызығушылық жоғары. Бұл — уақыт сұранысы. Дегенмен аударма ісі, халықаралық қатынастар, шетел филологиясы, ағылшын тілі мұғалімі сияқты мамандықтарды да түлектер әлі көп таңдайды. Әрине, нарықтық заманда талапкердің таңдау еркі бар. Кез келген ата-ана болсын, талапкер болсын,нарықта сұранысқа ие мамандықты таңдағысы келеді, мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігін пайдаланып, тегін білім алғысы келеді және кейін жұмысқа орналасу жайын да ойлайды. Дегенмен кей өңірлерде ағылшын тілі мұғалімдеріне жаппай сұраныстың жоқ екендігін байқап отырмыз. Бұл жерде мәселе— ағылшын тілі бейіндік пән екендігінде. Оқушылар ҰБТ-ға бір немесе екі пәнді таңдап, бірнеше жыл дайындалып, мамандық таңдайтын болғандықтан бұл шешімнің барынша ойластырылған, жан-жақты ақпаратқа негізделгені өте маңызды.
Алдағы төрт-бес жылда еңбек нарығында екі негізгі үрдіс айқын байқалады деп ойлаймын. Біріншісі — барлық дерлік мамандықтарға цифрлық дағдылардың қосылуы. Екіншісі — экология, қоршаған ортаны қорғау, тұрақты даму бағытындағы «жасыл» мамандықтарға сұраныстың артуы. Сондықтан болашақ түлектер осы өзгерістерді ескере отырып, бүгіннен бастап саналы таңдау жасауы қажет. Ұлттық құрылтайда осы ұсыныстарымды айттым.




