Жолдау-2024: Ақтөбе облысында 8,2 млрд теңгеге 226 мектеп жаңартылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қаржыландыру көздерін анықтап, жөндеуді қажет ететін мектептерді үш жыл ішінде қалпына келтіруді тапсырған болатын.
Ақтөбе облысында 434 мектептің 280-і (немесе 70%) ауылдық, оның 201-і (46%) шағын жинақты мектептер. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста білім беру нысандарының инфрақұрылымын дамытуға байланысты жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Мәселен, білім басқармасының мәліметінше, «Шағын қалалар мен ауылдардағы мың мектепті жаңғырту» жобасы аясында облыстағы 226 ауыл мектебін қайта жөндеуге 8,2 млрд теңге бөлінген. «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы бойынша 12 негізгі және 134 шағын жинақты мектеп күрделі жөндеуден өтті. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржылық қолдауымен мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. 46 мектеп жоғары жылдамдықты интернетпен, оның ішінде Starlink жүйесі арқылы қамтамасыз етілген. Жобаға тартылған мұғалімдерді ынталандыруға 54,4 млн теңге бөлінді. 1068 мұғалім мен 204 мектеп директоры біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Оқыту семинарлары мен вебинарлар өткізіліп, әдістемелік ұсыныстар әзірленді. Нәтижесінде шағын жинақты мектептердегі білім сапасы 4–11%-ға жақсарды.
Шағын жинақталған мектептердегі кадр тапшылығы мәселесі онлайн оқытуды біріктіру арқылы шешілді.
Сонымен қатар, соңғы үш жылда 1030 орындық сегіз ауыл мектебі пайдалануға берілді. Он ауылда 2350 орындық жаңа мектеп салынып жатыр, оның үшеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында. Ауыл мектептерін дамыту жұмыстары жалғасуда.