Жылдамдық асыру құқық бұзушылығын анықтайтын автоматтандырылған құрылғылар іске қосылды

Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Сейфуллин, 312 атқыштар дивизиясы, Есет Көкеұлы, Әубәкіров көшелерінде және Ақтөбе-Мәртөк тас жолының 71 шақырамына кіре берісте жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жылдамдық асыру құқық бұзушылығын анықтайтын автоматтандырылған құрылғылар іске қосылды.

Бұл жобаның негізгі мақсаты жол қозғалысына қатаң бақылау жасау мен жол қауіпсіздігін арттыру болып табылады.
Бұл технологиялар жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға, жүргізушілердің жалпы тәртібін жақсартуға және де қозғалыстың барлық қатысушылары үшін қауіпсіз жол ортасын құруға ықпал етеді деп күтілуде.
Аталған жоба “Цифрландыру” бағыты аясында жүзеге асып жатыр. Цифрлық технологияларды қолдану — мемлекеттік басқару тиімділігін арттырумен қатар, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи жолы. Бұл – “Ақылды қала” және “Қауіпсіз қала” тұжырымдамаларының нақты көрінісі.

Өкінішке орай жыл басынан бері Ақтөбе облысы аумағында 1018 жол көлік оқиғасы орын алып, 1481 адам әртүрлі дене жарақатын алған.
Сол себептен жол ережесін қатаң сақтауға және тәртіпті бұзбауға шақырамыз.