Зиянды әдеттердің зардабы

Ақтөбе қаласындағы «Рауан» көпсалалы колледжінде «Жастар кеңесі» жобасы аясында оқушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Іс-шараның басты мақсаты — жастар арасында лудоманияның, нашақорлық пен құқықбұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ отбасы құндылығын насихаттау.
Ақпараттық кездесуде Ақтөбе қаласы полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы, полиция капитаны Аслан Жақсыбаев, сондай-ақ теолог Ғалым Амиров оқушылармен кездесті. Спикерлер жастарды құқықбұзушылық пен зиянды әдеттерден аулақ болуға, деструктивті діни ағымдардың жетегіне ермеуге шақырды. Әсіресе лудоманияның жеке тұлға мен қоғамға тигізер кері әсері кеңінен талқыланды.
— Жыл бойы жүзеге асып келе жатқан «Жастар кеңесі» жобасы аясында түрлі бағыттағы кездесулер мен семинарлар өткізіліп келеді. Әр шараға тәжірибелі мамандар, сала сарапшылары мен қоғам белсенділері шақырылып, жастарға өзекті тақырып түсіндіріледі, — дейді қалалық жастар ресурстық орталығы ақпараттық-түсіндіру және жастармен жұмыс бөлімінің маманы Еркебұлан Жақсылықов.
Шара соңында қатысушылар мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай кездесулер алдағы уақытта да жалғасады.




