ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ— МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия әйелдерге қатысты жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алу, жолын кесу және фактілерді уақытылы анықтау бойынша түрлі профилактикалық іс-шаралар өткізеді. Бұл ретте әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары, дағдарыс орталықтарының басшылары және денсаулық сақтау, білім, жастар саясаты мәселелері басқармаларымен бірлесе жұмыс жүргізіледі. Бірігіп ұйымдастырылған науқан кезінде дөңгелек үстелдер өткізіліп, қолайсыз отбасылар, есепте тұрған және ішімдік ішетін азаматтармен әңгімелесулер жүреді. Студенттер мен оқушылар арасында тренингтер өткізіледі. Жалпы отбасы құндылығын насихаттау, отбасының құқықтары мен мүдделерін қорғау, жанжалдарды шешу және олардың алдын алу мақсатында қыруар шаруа атқарылып жатыр. Мәселен, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша 145-ке жуық профилактикалық түсіндірме жұмысы жүргізіліп, телевидениеге— 12, баспасөз басылымдарына 28 сұхбат берілді. Ал радиода 3 рет эфир өткіздік. Сондай-ақ «Ер бала мен әкелерге арналған білім алушылардың сауаттылығын дамытуда отбасы мен қоғамның рөлі», «Саналы әке болудың қадамдары» тақыптарында іс-шаралар ұйымдастырылды. Өткен жылы «Әке – отбасының тірегі» атты әкелер күніне арналған облыстық форум өтті.
Шара барысында отбасылық құндылықтарды насихаттап, ата-ана институтын нығайтуға және қоғамдық істерге белсене араласып, көпке үлгі боларлық жұмыстарды ұйымдастыра отырып, өнегелі ұрпақ тәрбилеген үлгілі 20 әке облыс әкімі Асхат Шахаровтың Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ былтыр Ақтөбе қаласында «Әйелдер көшбасшылығы: қоғамдық-саяси өмірдегі рөлі» тақырыбында форум ұйымдастырылды.
Форумның мақсаты — заманауи қоғамдағы әйел-көшбасшылардың рөлін, олардың қоғамдық-саяси өмірге қосқан үлесін талқылау, әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ету, сондай-ақ саясат пен бизнестегі әйелдер үшін кедергілер мен мүмкіндіктерді талқылау. Жалпы кейінгі кезде мемлекеттік қызметте әйелдерің үлесі көбейіп келеді. Мәселен, қазіргі күні облыста мемлекеттік қызметшілердің саны 3915 адам болса, оның 2 мыңнан астамы – әйел. Яғни 57,5 пайызы — нәзікжандылар. Ал әртүрлі деңгейдегі басшылық лауазымдардағы әйелдердің үлесі 25 пайыздан астам. Оның ішінде 3 аумақтық департамент басшылары, 3 басқарма басшысы, 9 басқарма басшысының орынбасарлары, 12 ауылдық округтерінің әкімдері, 38 қалалық, аудандық бөлім басшылары, 84 облыстық, аудандық құрылымдық бөлімдерінің басшылары. Бұл әйелдерің осы саладағы ерік-жігерінің, кәсіби біліктілігінің жоғары екенін көрсетеді.
Маржан ҚОРҒАНБАЕВА,
Ақтөбе облыс әкімінің жанындағы
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық
саясат жөнiндегi комиссияның хатшысы.