Қазақстан халқы Ассамблеясының 34-сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған маңызды іс-шаралар жайлы мәлімдеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 34-сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылған маңызды іс-шаралар жайлы мәлімдеді. Ол бұл мерейтойды кең көлемде атап өтіп, соғысқа қатысқан майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігіне лайықты құрмет көрсетілетінін айтты.
Мемлекет басшысы Ұлы Жеңістің тарихи тағылымы – ұлттар мен ұрпақтар жадында мәңгі сақталуы тиіс құндылық екенін ерекше атап өтті. Бұл – тек өткенді еске алу емес, бүгінгі және болашақ саясаткерлерге жауапкершілік пен бейбітшіліктің мәнін ұғындыру.
Президенттің тапсырмасымен 500-ден астам көшеге жергілікті батырлардың есімін беру туралы шешім қабылданған. Бұл – Ұлы Жеңіске және оның қаһармандарына деген шынайы құрметтің белгісі.
Сондай-ақ, «Ұлы Жеңіс: ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты кешенді жоспардың аясында екі мыңнан астам мәдени және ғылыми іс-шаралар ұйымдастырылады. Жеңіс күніне арналған басты оқиға – әскери шеру, ол батыр бабаларға тағзыммен қатар, қазіргі заманда ұлттық рухтың беріктігін айғақтайтын маңызды символ болмақ.
Президенттің бұл бастамасы – тарихи жадты жаңғыртып, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің жарқын үлгісі. Ұлы Жеңістің маңызы – тек бір күндік шара емес, елдің рухын күшейтіп, бірлік пен ерлікті дәріптейтін тұрақты құндылық. Мұндай қадамдар – елдік пен елжандылықтың айқын көрінісі.
АЙТҚАЛИЕВ Рашид Жолдығалиұлы
“ҚазТрансГаз Аймақ”АҚ АФФ Мәртөк газ шаруашылығы директоры, аудандық мәслихат депутаты