«Ауыл аманатының» жемісі
Үкімет ауылдың әлеуетін арттыруды мақсат етіп отыр. Бұл бағытта биыл іске қосылған «Ауыл аманаты» жобасы алыстағы ағайынның өшкен үмітін қайта оятқандай. Әсіресе кәсіп ашып, өз күнімді өзім көрсем деп жүрген ауыл халқын бұл жаңалық қатты қуантты. Ауыл дамыса ел дамиды. Себебі ауылда тіршілік бар, береке бар. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі іспетті. Сондықтан да, ауылды экономиканың сүйреуші күші деуге болады. Десек те, ауылға да қолдау керек. Әсіресе шаруалар үкіметтің қолдауына қашанда мұқтаж. Осы мақсатта «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. Бүгінгі күні ел сенімі ақталып, шаруалардың ісі оңалып, бағдарлама өз жемісін бере бастады.
Алғашқы өнімдер сатылымға шықты
«Ауыл аманаты» арқылы кәсіпкерлікке бет бұрған Тәңірберген ауылдық округіне қарасты Саржансай ауылының тұрғыны Рүстем Құрбанбаев ұлы Парахат екеуі жылыжайға қияр егіп, алғашқы өнімдерін алуда.
— Ауыл халқына беріліп отырған бұл мүмкіндікті жіберіп алмай, осы кәсіпті қолға алып отырмыз. Ұлым бұрын жылыжайда жұмыс жасап, қатты қызығып жүруші еді. Содан ауылдастардан үкімет ұсынған осындай жеңілдетілген несие туралы естідік. Шілде айында «Ауыл аманаты» жобасы аясында үйімді кепілге қойып, 2,5 пайыздық несие алдық. Ал бұл – өте тиімді.
Жылыжай салу үшін 4 млн 770 мың теңге несие берді. Еш қиындық болмады. Екі айға жуық уақытта қаржыға қол жеткізіп, қажетті құрылыс материалдарының бәрі сатылып алынды. Жылыжай кешенінің құрылысын жұмыстарын бітіріп, алғашқыға қияр ектік. Келесіде қызынақ та егеміз деп жоспарлап отырмыз.
Екі ай бойына қиярды жинап саттық. Өкінішке орай жылу беру жүйесін кешірек қосып қалып кейбір өнімдеріміз үсіп кетті. Еңбектену үлкен мұраттарға жеткізеді. Жастарға да айтарым, еңбек етуден шаршамаулары ке
рек. Мемлекет беріп тұрған мүмкіндікті пайдаланса екен. Бүгінде банктерде берілетін несиелердің пайызы тым жоғары. Алған ақшаңды екі еселеп қайтарып бересің, — дейді кәсіпкер.
Пайызы төмен несие – елге несібе
Бағдарламаның басты жемісі – халыққа берілетін жеңілдетілген несие. Бұл несие ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту, табысын арттыру мақсатында беріледі. Оны жеке кәсіп иелері жекелей де ала алады. Немесе бір ауылдың бірнеше тұрғыны бірігіп, ауылдық тұтынушылық кооперативін құру арқылы да алуға мүмкіндік бар.
Бағдарламға қатысуға ниеттілер көп. Соның ішінде өте жоғары белсенділік танытқан ауылдар бар. Атап айтар болсақ, жоба басталғаннан ең бірінші болып Тәңірберген ауылдық округінің халқы белсенділік көрсетті.
– Бағдарламаға қатысушыға қойылатын талаптар өте қарапайым. Біріншіден, ауыл тұрғыны болуы керек. Екіншіден кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы тиіс. Бағдарлама бойынша түскен әр өтінішті арнайы комиссия қарайды. Бағдарламаға жұмыссыздар, көп балалы отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, мүгедектігі бар тұлғалар қатыса алады. Жұмыссыздар мен көп балалы отбасыларға, мүгедектерге басымдық беріледі, – дейді Тәңірберген ауылдық округінің әкімі Медет Бекжанов.
Бүгінгі күнге дейін жоба аясында округ бойынша 63 өтінім мақұлданып, 2,5 пайыздық несиені алған. Несие 5-7 жылға беріледі. Сөйтіп, несиемен басталған шаруадан алғашқы несібесін көргенше мемлекет қолдау көрсетіп, жетелеп отырады. Биыл ауылдық округте жалпы сомасы 285 теңгеге несие берілген.
– Несие алғандар қатарында монша, жылыжай, сүт, ет өнімдерін қайта өңдеу, ет цехына қажетті құрал-жабдық аламын деп өтінім бергендер бар. Бұл өтініштерді комиссия қарап, тиісті шешімдерін шығарды. Ешбір өтініш қараусыз қалмайды.
Жобаның негізгі мақсаттарының бірі – ішкі нарыққа қажетті азық-түлік өнімдерін шығару. Бүгінгі күні «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында дайындалған өнімдер сатылымға шыға бастады. Биылғы күздің алғашқы жемісін халық алып та үлгерді, – дейді Медет Темірханұлы.
Әлиянұр КЕЛБАТЫРОВА.