Наурыз, жаңа көзқарас және насихат
Наурыз жаңаша
Тамыры терең наурыз – игілік мейрамы, парасат мейрамы. Наурыз келгенде жер беті жасарып сала беретіні ғажап. Жеті түрлі дәннен жасалған наурыз көже пісіріледі. Адамдар бір-бірімен құшақтасып, игі тілектерін арнайды. Өкпе ұмтылады, реніш санадан өшіріледі. қысқаша айтқанда тарихы мен мағынасы терең Наурыз мейрамы — Ұлы күн, Ұлыс күн, Үміт күн!
Ескіден келе жатқан есті мейрам биылдан бастап жаңаша тойланбақ. Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары С.Барлыбаев биылдан бастап Наурыз мейрамының қарсаңында оның мән-мағынасы мен мазмұнын байыту үшін жыл сайын 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігін жариялау ұсынылып отырғанын айтты. Наурызнама онкүндігі:
14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі тойланады. Негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған мереке енді барлық аймақтарда тойланады.
15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналады.
17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.
18 наурыз – Ұлттық киім күні. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде ұлттық киімдерімізді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі.
19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймағында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.
22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.
Наурызнаманың қорытынды күні, жаңа жылды қарсы алудың символы ретінде 23 наурыз – Тазару күні деп жарияланды. Бұл күні Қазақстанның барлық аймақтарында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.
Жалпы айтқанда, Наурыз мерекесінің негізгі мағынасы: ұлттық намыс пен рухани болмысымызды жаңғырту.
Наурыз — жыл басы
Біздің ауданымызда, 14 наурыз, Көрісу күніне орай аудандық Мәдениет үйінің алдында «Наурыз — жыл басы» атты мерекелік шара өтті. Мерекелік бағдарлама аясында жергілікті өнерпаздар мен «Илигай» халықтық әжелер ансамблінің қатысуымен қазақтың салт-дәстүрлерінен сыр шертетін сахналық қойылым қойды. Онда, қазақ халқының бойындағы бауырмалдылық, қонақжай-дархан пейілі суреттелді. Бесіктегі баладан, еңкейген қарияға дейін бір-бірімен сәлемдесіп бір-біріне құрмет көрсетті.
Шара барысында Наурыз мейрамында әзірленетін ұлттық тағам – Наурыз көже дайындалып, одан ауыл тұрғындары дәм татты.
Іс-шара Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Облыстық филармония өнерпаздары мерекелік тарту жасап, әнге шөлдеген талайдың сусынын қандыра білді десек, артық болмас.
15 наурыз күні аудандық Мәдениет үйінде «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің аналарымен кездесу өтіп, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттау мақсатында «Бауыраяқ» дәстүрі ұсынылса, осы күні, ауданға қарасты бірнеше ауылдық клубтарда әжелер сайыстары ұйымдастырылды.
Ал, №4 Мәртөк жалпы білім беретін мектебінде жастар ресурстық орталығы мен мәдениет, спорт және дене шынықтыру бөлімі, аудандық «Аманат» партиясы және аудандық білім бөлімінің бірлесе ұйымдастыруымен ер балалар арасында асық ату және қыз балалар арасында бес тас турнирі өткізілді. Турнирді №4 Мәртөк орта мектебі былтырдан бастап ашқан болатын. Ондағы мақсат: ұлттық ойындарымызды дәріптеу, насихаттау, ұлттық құндылыққа бағытталған шаралардың қатарын көбейту.
Білім ордасының бренді болсын деген мақсатта ұйымдастырылған бұл шарада былтыр қатысқан мектептер саны аз болса, биыл біршама көбейіп, барлығы тоғыз команда бақтарын сынады.
Биылғы жарыстың өту барысында балалардың шынығып, дайындалғандары анық байқалды. Сайыс қорытындысы бойынша ұл балалар арасынан 1 орынды Сарыжар командасы, 2 орынды Аққайың командасы алса, жүлделі 3 орынды Хлебодар командасы иеленді.
Қыздар арасында 1 орын Аққайың командасына, 2 орын №3 Мәртөк орта білім беретін мектебіне бұйырса, 3 орынды Родниковка командасы еншіледі. Қатысушылар грамоталармен және медальдармен марапатталды.
Іс-шаралар
жоспары
16 наурыз бен 22 наурыз аралығындағы іс-шаралар барысы газетіміздің келесі нөмірінде жарияланатын болады. Мерекеге орай 14-23 наурыз аралығында ауданда және ауылдық округтерде мерекелік шаралар кең көлемде аталып өтілетін болады.
Атап айтсақ, 16 наурызда Сарыжар ауылдық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде ерлер арасында волейболдан аудандық ашық турнир өткізіледі.
20 наурыз күні №4 Мәртөк жалпы орта білім беретін мектебінде ләңгі спорты мен тоғызқұмалақтан аудандық турнир ұйымдастырылады.
21 наурыз күні аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде қазақ күресінен аудандық жарыс өтпек.
22 наурызда Мәртөк ауылдық округі әкімшілігінің алаңында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастыру жоспарланып отыр.