Әлемді бағындырған ауыл баласы — Дидар Әби

9-12 қараша аралығында Латвия мемлекетінің Даугавпилс қаласында Комбат дзю-дзюцудан әлем чемпионаты өтті. Әлемнің 30-дан астам елінен келген 800-ге жуық  спортшы бақ сынаған.

 

Байрақты бәсекеде кеңсахаралық Дидар Әби 57 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғап, әлем чемпионы атанды. Финалда екі дүркін Азия чемпионы, алматылық Нұрсұлтан Кадешовтан басым түсіп, осылайша ел қоржынына алтын медальді сыйлап отыр.

Дидар күреспен бала кезінен, 6 жасынан бастап айналысқан. Оның сол кезден бері жаттықтырушылары білікті бапкерлер Ерболат Алманиязов пен Руслан Жангазин болса, 2016 жылдан бері джиу-джитсуды таңдап, көптеген жарыстарға шығуына түрткі болған жаттықтырушысы Тілеуқабыл Амантурлиев.

— Күреске ден қойғанда келешекте халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғаймын деген ой қаперіме де кірмеген еді. Әуелде маған бәрі ермек болып көрінді. Ел көрем, жер көрем, түрлі қалаларды аралаймын. Шалғайдағы ауыл баласына одан артық қандай қызық керек?! Ал, түрлі жарыстарға шыға бастағанымда өзім секілді ауыл балалары жүргені мені таңғалдырды. Сол сәтте мен егер бар жан-тәніммен даярланып, осы спорт түріне адалдық танытпасам, жетістікке жететінімді түсіндім. Содан бастап, ерінбей жаттығуларға кірістім. Осы, чемпионаттың алдында Азия чемпионатында жүлделі II-ші орынды алдым.

Ал, әлем чемпионатында осыған дейін екі рет кездесіп, жалпы есепте 1:1 болып келген Алматының спортшысы Нұрсұлтан Кадешовты жеңіп, жеңіс тұғырынан көріндім.

Осыған дейін көптеген жарыстарда шыңдалуыма әсер еткен бапкерлерім Ерболат Алманиязов, Руслан Жангазин ағайларымды ерекше атап өткім келеді.

 

 

Сонымен қатар, осы күнге жетуге, чемпион болуға септігін тигізіп, соңғы әлем чемпионатында демеушілік көрсеткен Марат Шманов, Арман Бисенов, «Рад Агро» шаруашылық қожалығының басшысы Дәулет Мұрат және мектеп директоры Мұрат Үмбеталин сынды ағаларыма алғысымды білдіргім келеді, — дейді әлем чемпионы атанып отырған Дидар.

Жерлесімізді намысты додадағы жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Әрқашан жеңіс тұғырынан көруді тілейміз!