Әлімжан Мұқановты еске алуға арналған турнир

Өткен бейсенбіде Қазақстан Республикасының білім беру үздігі, еңбек ардагері Мұқанов Әлімжан Нұрболатұлын еске алуға арналған шағын футболдан аудандық турнир өтті. Турнир аудандық білім бөлімінің қолдауымен, Қ.Медетов атындағы балалар өнер мектебінің ат салысуымен ұйымдастырылды.

Жарысқа № 4 ЖОББМ, № 2 ММГ, Аққайын ЖОББМ, Қаратоғай ЖОББМ, Казанка негізгі мектептері мен Құрмансай ЖОББМ, Байнасай негізгі мектептерінің командаларды қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатына аудандық білім бөлімінің басшысы Нұржан Ашимов пен жары Нұрзада Мұқанова қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Келесі кезекте Мемлекеттік әнұран ойналып, ұмытылмас ардагерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Жарысқа қазылық ететін төрешілер алқасының құрамында жарыстың жетекшісі Ертөс Абдрахманов және төрешілер: Алдияр Өтеуов, Мирас Бегалин, Саят Максутов пен Талғат Азербай болды.

Турнирдің нәтижесінде 1 орынды № 4 ЖОББМ командасы, 2 орынды № 2 ММГ алса, Құрмансай ЖОББМ, Байнасай негізгі мектептерінен құралған құрама 3 орынды, ал Аққайын ЖОББМ, Қаратоғай ЖОББМ, Казанка негізгі мектептері 4 орынға жайғасты.

Сонымен қатар, «Үздік қақпашы» атағын № 4 ЖОББМ командасынан Бақберген Оразбаев, ал «Үздік ойыншы» атағын Құрмансай ЖОББМ-нен Әлішер Жұмабаев иеленді.

Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Әлімжан Мұқановтың жұбайы, балалары мен немерелері марапаттады.

Айта кетерлігі, еске алуға арналған турнирге Әлімжан ағайдың жары Н.Мұқанова, С.Ильясов, И.Классен, Ш.Кубенов, З.Сейтов, А.Мурзин, Е.Абдрахманов, А.Кусаинов, М.Дүйсенбаев демеушілік етті.

 

Біздің анықтама: Мұқанов Әлімжан Нұрболатұлы 1947 жылы Орынбор облысы Ақбұлақ ауданы «Ұшқын» ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Нұрболат, анасы Әмина. Жәй шаруа адамдары болған.

1965 жылы  Ақбұлақ ауданы Сагарчин орта мектебін бітірді. Еңбек  жолын Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Студент сегіз жылдық мектебінде денешынықтыру мұғалімі болып бастады. 1966-68 жылдары әскери міндетін Пенза облысы Каменка қаласында ракеталық әскери бөлімінде атқарды. 1969 жылы Мәртөк ауданы Целинный сегіз жылдық мектебінде тарих пәнінің мұғалімі, 1971-1976 жылдары осы мектептің директоры болады. 1976-1986 жылдары «Красный пахарь» ұжымшарында (Каратаусай) партком қызметін атқарады.

1986-1991 жылдары аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, II хатшы қызметтерін атқарды.

1991-1994 жылдары аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1994-1999 жылдары аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болды.

1999-2005 жылдары, өмірінің соңына дейін аудан әкімі аппаратының жетекшісі болды. 1972 жылы ауылдық кеңес, 1987-93 жылдары аудандық атқару  комитетінің депутаттығына сайланған. Еңбектегі табыстары үшін «Еңбектегі ерлік», (1970ж.) «Ерлік еңбегі үшін» (1980ж.) медальдарымен, 1997 жылы Қазақстан Республикасы  ағарту ісінің үздігі белгісімен марапатталған. Отбасында үш баласын өсіріп, тәрбиелеген.